Ақтөбеде қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Сәйгүлік» атты ІІІ республикалық байқаудың гала-концерті өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 18 өнерпаз қатысып, ақынның жыр-ғұмырын, сазды әлемін дәріптеді.
Кештің шымылдығы Т. Ахтанов атындағы драма театры әртістерінің арнайы әзірлеген прологпен ашылды. Ал «Batys ethno» тобы орындаған «Сәйгүлік» әні көпшіліктің көңілін баурап, шараның рухын асқақтатты.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйледі. Табылды Досымов атындағы «Сәйгүлік» республикалық байқауын әлі де насихаттап, қатысушылар қатарын арттыруды, фестиваль аясын кеңейту керектігін айтып өтті.
Байқауға әр өңірден қатысушылар бір күн бойы ақынның әндерін орындап, жырларын мәнерлеп жеткізді. Биыл өнерпаздар бұрын-соңды айтылмаған Табылды Досымовтың туындыларына баса көңіл бөлген.
Қазылар алқасы үздік өнерпаздарды марапаттап, арнайы жүлделер табыстады. Бас жүлдеге - Ғибадат Тұрғалиев, бірінші орынға - Орынбасар Жұмаханов, екінші орынға - Ізбасар Самиғоллаев пен Еркебұлан Әжімұратов, үшінші орынға - Сиғватолла Ешкаев пен Әлімжан Макенов лайық деп танылды. «Т.Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың» жүлдесі, дипломант және ынталандыру сыйлықтарының иегерлері де марапатталды.
Кеш соңында өңір басшысы Асхат Шахаров далада жағылған алау жанында қатысушылармен қосыла, ақынның «Сәйгүлік» әнін шырқады.