Жұмысшы мамандықтар жылында кеншілерге мемлекеттік наградалар табысталды

Жұмысшы мамандықтар жылында кеншілерге мемлекеттік наградалар табысталды

Хромтау қаласында Конституцияның 30 жылдығы және шахтерлердің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, өңірдің саладағы жетістіктерін атап өтті, еңбек адамдарына құрметін білдірді.
«Қазіргі таңда тау-кен саласы облысымыздың өнеркәсіптік өндірісінің шамамен 53%-ын құрайды. Өндірістік секторда металлургиялық рудаларды өндірудің маңызы ерекше, ол барлық өндірістік өнімінің 25%-ын құрайды.
Бүгінде 11 мыңға жуық қызмет ететін еңбек адамдары біздің ірі кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп келеді.
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар әрқашан құрметке лайық екенін атап өтіп, биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Жұмысшы мамандығының қоғамдағы беделін көтеру, еңбек адамына лайықты ілтипат білдіру және кәсіби шеберлікті жетілдіру - әрдайым назарымызда. Бұл мереке күні Сіздерге табандылықтарыңыз, өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Біз Сіздермен мақтанамыз», - деп атап өтті өңір басшысы.
Асхат Шахаров «Құрмет» және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медальдері сияқты мемлекеттік наградалар және «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі» атағымен сала ардагерлерін, үздік еңбеккерлерді марапаттады. Марапат иелері «Қазхром» ТҰК» АҚ, Ақтөбе мыс және Восход-Oriel компанияларында жұмыс істейді.
Шара жергілікті және елімізге танымал эстрада әншілерінің, мың бұралған бишілердің өнерімен өрілген концерттік бағдарламамен жалғасты.