Eurasian Resources Group (ERG) қуаты – 150 мегаватт «Хромтау» жел электр станциясындағы 24 турбинаның барлығын орнатып бітті. Бұл – Ақтөбе облысындағы жаңартылатын энергетиканың көшбасшы жобасы және Топтың ESG стратегиясының маңызды тармағы.
Облыс әкімі Асхат Шахаров энергетикалық нысанның ел экономикасы үшін маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысының өңірге инвестиция тарту тапсырмасы жүйелі түрде орындалып келе жатқанын жеткізді.
«Елімізге инвестиция тарту – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған басты міндеттердің бірі. Ақтөбе облысы – инвестицияларға, инновацияларға және заманауи өндірістерге әрқашан ашық, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жыл басынан бері 590,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52,7%-ға артты. Бұл көрсеткіштер өңірдің жоғары инвестициялық әлеуетін және бизнес тарапынан сенімнің артып отырғанын айқын дәлелдейді. Ал «Хромтау» жел электр станциясы жобасын жүзеге асыру аясында 25 жаңа жұмыс орны ашылады», - деп атап өтті өңір басшысы Асхат Шахаров.
«Хромтау» ЖЭС – жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру қамындағы ұлттық мақсатқа қосқан елеулі үлесіміз. Жобаны ERG Capital Projects компаниясы Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық қолдауымен іске асырды. Құрылысқа құйылған инвестиция көлемі – 74 миллиард теңгеден асты», – деді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.
ЖЭС Дөң кен байыту комбинатының маңында салынды. Енді ERG Энергетика дивизионына кіретін болады. 2024 жылдың желтоқсанында алғашқы екі қондырғы электр қуатын өндіре бастады. 2025 жылдың 1 қаңтарында алғашқы миллион киловатт-сағат өндірілді. Ал бүгінде барлық турбиналардың монтажы толық аяқталған.
Қуаты 150 мегаватты құрайтын«Хромтау» ЖЭС жылына 500 миллионнан астам киловатт-сағат «жасыл» энергия өндіреді. Жыл сайын станция 440 мың тоннаға дейін көмірқышқыл газын атмосфераға шығарудан сақтап, 300 мың тоннадан астам көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді.