Ақтөбе облысының тағы бір ауылы газбен қамтылды

Ақтөбе облысының тағы бір ауылы газбен қамтылды

 

Конституция күні қарсаңында Ойыл ауданының Көптоғай ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылына табиғи газ берілді. Бұл - Мемлекет басшысының ел тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету тапсырмасы аясында атқарылып жатқан шаралар легінің жалғасы. Елді мекенде 105 түтін, 633 тұрғын бар. Сонымен қатар мектеп, медициналық пункт және ауылдық клуб жұмыс істейді.

Газ құбырының іске қосылу рәсіміне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, сондай-ақ «Amanat» партиясының өкілдері қатысты.

Салтанатты шара барысында ауыл тұрғындары газбен қамтудың елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Ақсақалдар ауыл тарихындағы маңызды оқиғаға орай бата беріп, ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, бүгінгі күні Ойыл ауданының газбен қамтылу деңгейі 47,9%-ды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 57,2%-ға жетеді деп жоспарлануда. Ал жалпы Ақтөбе облысында 2025 жылдың соңына қарай газдандыру деңгейі 97%-ға дейін өседі.

Аудан бойынша газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.