Қарғалы ауданында ауыл шаруашылығына заманауи технологиялар енгізілуде

Қарғалы ауданында ауыл шаруашылығына заманауи технологиялар енгізілуде


Облыс әкімі Қарғалы ауданының аграрлық шаруашылықтарының әлеуетімен танысты.

Аймақ басшысы алдымен Шәмші Қалдаяқов ауылында орналасқан әрі аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі –  «Сәт» қожалығына барды. Кәсіпорын картоп пен дәнді дақылдарды өсіру ісінде әбден маманданған. Биылдың өзінде 153 гектар аумақта дала жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде 100 гектарына мақсары, 53 гектар жерге картоп екті. Шаруашылықтың иелігінде барлығы 727 гектар ауыл шаруашылығы алқабы бар. 

Заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сәтті пайдаланып отырған «Сәт» құрылымының дамуындағы оң динамика бар екенін облыс әкімі алға тартты. Оған қоса, қожалық басшысы Айдарбай Бикеев биыл кәсіпорын жаңа тракторлар сатып алып, жаңбырлатып суару жүйесін енгізгенін жеткізді. 50 келіге дейін зат көтеретін дрондар да зиянкестермен күресте көмектеседі. 

«Ауылдық жерде жергілікті жұртты жұмыспен қамтып әрі сұранысқа ие өнім өндіретін мұндай шаруашылықтарға қолдау көрсету маңызды. Құрылымды әлі де кеңейту үшін әлеует бар, ең бастысы жаңғырту және жерді ұтымды пайдалану қарқынын қолдау», - деді облыс әкімі өз сөзінде. 

Ал, Велиховка ауылында Асхат Шахаров Нұрберген Жолдаспаев басшылық ететін «Diland« ЖШС кәсіпорнына барды. Қожалық өсімдік шаруашылығымен айналысады және жыл сайын тұрақты өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. 2025 жылы мұнда 23 мың гектардан астам жерге егін егілді, оның 19 570 гектарына - дәнді дақыл, ал 4 мыңдай гектарына - майлы дақыл себілді.

Кәсіпорын қуатты техникалық базамен қамтылған. Бүгінде 38 комбайн, 9 заманауи егіс кешенін қоса алғанда, 106 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істеп тұр. 

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай шаруашылықтарды дамытудың маңыздылығына тоқталған аймақ басшысы механикаландырудың жоғары дәрежесі мен ресурстарды дұрыс пайдалану климаттық сын-қатерлер жағдайында да тұрақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін сөз етті.

Степное ауылында Асхат Шахаров Аманғос Төлеуов басқаратын «Степное» жеке серіктестігінің қызметімен танысты. Кәсіпорын өсімдік, мал және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді табысты үйлестіріп отыр. Биыл 16 мың гектардан астам аумаққа бидай, арпа, күнбағыс, жемшөп және күздік дақылдар еккен.

Серіктестікте әсіресе мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлінеді. Ірі және ұсақ малдардың, сондай-ақ жылқылардың жалпы саны 5 мың бастан асады. Сонымен қатар, кәсіпорын өз өнімдерін қайта өңдеуді де сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл мақсатта шаруашылықтың меншігінде диірмен, наубайхана және шұжық цехы жұмыс істейді.

Аймақ басшысы өз сөзінде көпсалалы шаруашылықтар өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын сөз етті.

Сапар соңында жауапты сала мамандарына аграрлық шаруашылықтардың техникалық қайта жарақтандыру, инфрақұрылымдық қолдау және жаңа өткізу нарықтарына шығу бойынша мәселелеріне жәрдем көрсетуді тапсырды.