Ақтөбеде биыл халықтың қатысуымен 1,9 млрд теңгеге 77 жоба іске асады

Ақтөбеде биыл халықтың қатысуымен 1,9 млрд теңгеге 77 жоба іске асады

 

Облыстық мәслихаттың ХХ сессиясында өңір басшысы Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелеріне кеңінен тоқталды. Бұл қалада өңір халқының 60%-дан астамы тұрады.

Облыс әкімінің айтуынша, Ақтөбе өсімнің локомотиві болып қала беруде, ал 2024–2025 жылдары қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

«Ақтөбе қаласы облыс экономикасының құрылымында ерекше орын алады. Мұнда халықтың басым бөлігі, инфрақұрылым мен іскерлік белсенділік шоғырланған. Сондықтан біз әлеуметтік, инженерлік және жол инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлеміз», – деді облыс әкімі.

2024 жылы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Есет батыр шағын ауданында №47, 50 екі үй пайдалануға берілді. Бұл – 138 пәтер. Осы тұрғын үй алабында жалпы 2000-нан астам пәтері бар 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда, оған 9,2 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 1700 пәтерлік 10 үй мен Жаңақоныс тұрғын алабында 140 орындық жатақхана кезектегілерге тапсырылады.

2024 жылы қалада 3 нысан бойынша су құбыры желілері салынды. Нәтижесінде 36 тұрғын алабы ауызсумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Батыс-3 шағын ауданында сыртқы кәріз желілері, Ақжар-2-дегі сорғы станциясынан Кірпіштіге дейін су құбыры тартылды. Қазіргі таңда 7 тұрғын массиві сумен жабдықталуда. Шилісай, Думан, Парасат және Мағаджан аудандарында жұмыстар биыл аяқталмақ. Рауан-2, Батыс-3 және Жаңақоныс-5 жобалары келесі жылға өтеді.

Облыс орталығында 50 тұрғын алабы газдандырылды. 2025 жылы тағы 3 массивті: Жанаауыл-1, Баянауыл-1 және Рауан-2 газға қосу жоспарланып отыр. Сазды-3-те жұмыстар басталып кеткен, оларды келесі жылы аяқтау көзделген.

Электрмен жабдықтау бойынша Бауырластар-5 және Ақжар плюс алаптары қамтылды. Биылғы жылы тағы бесеуі жарықтандырылады. Жаңаауыл-1 мен Рауан-2 қосылады. Сазды-3-те жұмыс енді басталды. Жаңаауыл-3 бойынша жобалық құжаттама дайындалған, ал Парасат массиві бойынша жоба түзетілуде. Оның жүзеге асырылуы екі кезеңге жоспарланған.

Асхат Шахаров қалаішілік жолдардың жағдайына ерекше назар аударды, бұл тақырып әрқашан басым бағытта қала беретінін атап өтті.

«2024 жылы Ақтөбе қаласында 120 шақырымнан астам жолда жөндеу жұмыстары жүргізілді. 87 шақырым күрделі және орташа жөндеуден өтті, 36,8 шақырым жолға асфальт төселді. Биыл жолдарды салу мен жөндеуге 13 миллиард теңге қарастырылды. 18 жоба жүзеге асырылады, соның ішінде Кірпішті және Қызылжар-3 тұрғын массивтерінде автожолдар салу, сондай-ақ 9 мектепке кіреберіс жолдар тарту бар. Бұл – қаланың көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы маңызды қадамдар», – деді Асхат Шахаров.

Әкім облыс орталығын абаттандыруға да тоқталды. Оның айтуынша, 2024 жылы халықтың қатысуымен 1,4 млрд теңгеге 62 жоба жүзеге асырылды. 2025 жылы 1,9 млрд теңгеге 77 жоба іске асады. Олардың ішінде 63 балалар ойын алаңы, 50 воркаут алаңы, 2 волейбол, 2 баскетбол және 25 футбол алаңы, 12 жаяу жүргінші жолы, 3 аула аумағын абаттандыру және 2 суару арнасын салу жобалары бар. Бүгінгі таңда 11 жоба аяқталды, қалған 66-сы бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Қалада жайлы орта қалыптастыру мақсатында «Қоныс» спорт кешенінің жанында сквер салынуда, оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ Тәуелсіздік көшесі бойында ұзындығы 3 шақырымға жуық желілік саябақ құрылысы жалғасуда.

Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қалада шамамен 11 мың ағаш отырғызылды, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.

«Біздің мақсатымыз – тек экономикалық өсімге қол жеткізу ғана емес, Ақтөбені шынымен өмір сүруге ыңғайлы әрі жайлы қалаға айналдыру. Инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру және экологияға қамқорлық – жұмысымыздың басты басымдықтары», – деп атап өтті өңір басшысы.