Облыстық мәслихат сессиясында өңір басшысы инвестиция тарту мәселелеріне назар аударды.
2024 жылы облыс экономикасына 901 млрд теңге инвестиция тартылып, 800-дей жаңа жұмыс орны ашылды. Жеке инвестициялық жобаларды іске асыру аясында шамамен 400 млрд теңге құйылды. Былтырғы жылдың маңызды жобаларының қатарында – «Ақтөбе мыс компаниясының» «Авангард» кен орнының іске қосылуы және «АКМЭЗ» компаниясының майлы дақылдарды қайта өңдеу қоймасының құрылысы бар.
2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша өңірге 590 млрд теңге инвестиция тартылды. Инвесторларды қолдау және экономикалық өсімді ынталандыру мақсатында арнайы алаңдар құрылуда. Атап айтқанда, Үкімет қаулысымен Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай базасында 858 гектар аумақты қамтитын «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы бар. АЭА аясында жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеден асатын 40-тан астам жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Хромтау қаласында құрылған 150 гектарлық «Хромтау» индустриялық аймағында шамамен 1 000 жаңа жұмыс орнын құру арқылы 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
«Өңір дамуының маңызды бағыттарының бірі – халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. Биыл мамыр айында аудан әкімдері Қытай Халық Республикасына іссапармен барды. Сапар қорытындысы бойынша жалпы құны 1 млрд АҚШ долларынан асатын бес ірі жобаның келісіміне қол жеткізілді. Жалпы, 2025 жылы өңірде 440 млрд теңге сомасына 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, нәтижесінде шамамен 1 800 жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгінгі күні екі маңызды нысан пайдалануға берілді: ол – «MKR Plus» ЖШС агрохимикаттар өндіріс зауыты (30 жұмыс орны) және «Строй-max» ЖШС бизнес-орталығы (20 жұмыс орны). Қалған сегіз ірі жобаны жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында жылына 1,2 млн тонна кен өндіретін «Лиманное» кен орнын игеру, қуаты 150 мегаватт «Хромтау 1» жел электр станциясының құрылысы, «Болашақ» шахтасының екінші кезегі, сондай-ақ жылына 825 шақырымға дейін өнім шығаратын рельс дәнекерлеу кәсіпорны бар», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ жаңа жобалардың қатарында жүнді терең өңдеу цехы, гофроқаптама мен стретч-пленка шығаратын кәсіпорын, ұсақ бұйымдар өндірісі және жөндеу мен металды өңдеу орталығы бар. Барлық осы жобалар жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің өнеркәсіптік секторын дамытуға жаңа серпін береді.