Экологиялық мәдениет - азаматтық кемелдену негізі

Экологиялық мәдениет - азаматтық кемелдену негізі

2025 жылғы 27 тамыз күні Ақтөбе су қоймасының аумағында («Балдаурен» жағажайы) «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай облыстық экологиялық «Таза жағалау» акциясы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың табиғатқа көзқарасын қалыптастыру, сондай-ақ өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғауға назар аударту және экологиялық мәдениетті дамыту болды.

Акцияға 200-ден астам жас азаматтар қатысты, олардың қатарында жастар ұйымдарының өкілдері, студенттік бірлестіктер, еріктілер қозғалыстары мен қала жастарының белсенділері бар. Қатысушылар су қоймасы аумағын тұрмыстық қалдықтан тазалап, демалушыларға табиғи аймақтардың тазалығын сақтаудың маңыздылығын жеткізді.

«Атамекен» студенттік жасақтарының жастар қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Артур Казиев өз ойымен бөлісті:

«Бүгінгі акция «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналды. Бұл мерейтой – еліміздің тәуелсіздігін нығайтудың және демократиялық құндылықтардың дамуының маңызды тарихи белесі. Конституция әрбір азаматқа қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығын кепілдейді. Сондықтан да біз экологиялық бастамаларға айрықша мән беруіміз қажет деп есептейміз. Жастардың белсенді қатысып, Қазақстанның болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінуі қуантады».

Акцияға қатысушылардың бірі – Сулу Даниярқызы да өз пікірін білдірді:

«Мұндай бастамаларға қатысу біз үшін жай ғана аумақты тазалау емес. Бұл – туған өлкеміздің табиғатына деген жеке жауапкершілікті сезіну мүмкіндігі. Конституцияның мерейтойына арналған осындай акциялар жастарға табиғатты қорғаудың ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының басты заңында бекітілген құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын ұғынуға көмектеседі деп сенемін».

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында бүкіл ел бойынша экологиялық жағдайды жақсартуға, экологиялық сананы дамытуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды іс-шаралар жүргізілуде.

Анықтама үшін:

Осы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша бағдарламаға 273 930 тұрғын, 7 700 мекеме мен кәсіпорын қатысты. Іс-шара аясында 79 215 аула тазартылды (оның ішінде 2 769 көпқабатты және 76 446 жеке үйлер), 1 671 әлеуметтік нысан қамтылды.

Сонымен қатар 342 парк пен сквер ретке келтірілді. Елді мекендер аумағына 56 944 ағаш және 4 637 бұта отырғызылды.

Жалпы алғанда, 215 су айдынының (өзендер, көлдер, бұлақтар), 38 жасанды су қоймасының жағалауы мен 63 239 метр арық қоқыстан тазартылды.

Бағдарлама аясында батырлар мен тарихи тұлғаларға арналған 303 ескерткіштің айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Тазалық жұмыстарына 3 328 техника бірлігі жұмылдырылып, полигондарға 26 206 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза жағалау» акциясы жастардың экологиялық тәрбиесіне ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген азаматтардың таза әрі қауіпсіз қоршаған ортада өмір сүру құқығы сияқты құндылықтарды да айқындайды. Іс-шараның Ата Заңның 30 жылдығына арналуы оның ерекше маңыздылығы мен символдық мәнін айқындайды.