15 мыңнан астам педагог дәстүрлі тамыз конференциясына қатысты

15 мыңнан астам педагог дәстүрлі тамыз конференциясына қатысты


Биылғы конференция «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» деген тақырыпта өтті. Оған өңір басшысы Асхат Шахаров қатысты.

Облыс әкімі педагогтерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, олардың еңбегін және өңір болашағына білімнің қосар үлесі мен алар рөлін атап өтті. Ол биыл облыста білім беру саласындағы жетістіктерді арттыру, мектептер мен колледждердің инфрақұрылымын кеңейту, сондай-ақ Жұмысшы мамандықтары жылы аясында бастамаларды белсенді жүзеге асыру жалғасып жатқанын алға тартты.

«Ақтөбе облысы – білім беру саласында өзіндік даму жолы қалыптасқан, инновациялық бастамалары мен үздік тәжірибелері бар өңір. Біз бүгін осы үрдістердіжалғастырып қана қоймай, қол жеткізген жетістіктерімізді нығайтып, жаңа міндеттер алып отырмыз. 

Бүгінде білім саласын қаржыландыру көлемі 220 млрд. теңге.  Білім беру инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүргізілуде. Соңғы 2 жылда  8040 оқушы орнына арналған 20 мектеп пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін 20 жаңа мектептің құрылысы аяқталады. Басты мақсатымыз – орын тапшылығы мәселесін шешу. 

Мектеп құрылысымен қатар, 7 мектепте ауқымды реновация жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар  1 жылдың өзінде 56 ауыл мектебі жаңғыртылды. Биыл 56 мектепке  82 заманауи пәндік кабинет сатып алынды. Ауыл мектептерін интернетке қосу және ауыл мұғалімдеріне қосымша ақы төлеу мәселелері толық шешілгенін ерекше атап өткім келеді», – деп Асхат Шахаров өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамыту және оқу жағдайларын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шараларға кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ ол Жұмысшы мамандықтары жылы аясында колледждердегі мемлекеттік тапсырыс көлемі екі есеге артқанын, ал олардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 900 млн теңге бөлінгенін тілге тиек етті.

Әкім «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болған тәжірибелі мұғалімдердің де, тәлімгерлер дәстүрін лайықты жалғастырып келе жатқан жас педагогтердің де жетістіктерін айырықша атап өтті.

Жалпы конференцияның пленарлық отырысында жаңа оқу жылының негізгі міндеттері мен басымдықтары, мектептерге цифрлық технологияларды енгізу, педагогтердің кәсіби дайындығының сапасын арттыру және білім беру ұйымдары мен өңірлік еңбек нарығы арасындағы серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды. Спикерлер тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа жобаларды таныстырып, облыстың білім беру жүйесін одан әрі дамыту бағыттарын белгілеген болатын.

«Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды пайдалану арқылы дамыту» жобасына баса назар аударылды. Ол ауылдық білім беру ұйымдарының мәселелі тұстарын анықтап, тиімді шешімдер табуға мүмкіндік берді.

Жиында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, «Білім берудің тұрақты дамуы» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Күләш Шәмшидинова, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова, Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова және басқа да спикерлер сөз сөйледі. Олар педагогтердің кәсіби өсуінің маңыздылығын, әрбір оқушыға жеке көзқарас қажеттігін және білім беру ұйымдары мен өндірістік құрылымдардың серіктестігі туралы баяндады.

Конференция педагогтер мен білім беру ұйымдарын марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Өңір басшысы білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі мен жоғары кәсіби жетістіктері үшін  Ақтөбе қаласындағы №28 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ұлжан Құсатаеваға және Шалқар қаласындағы №4 орта мектептің биология пәні мұғалімі Күнжәмила Еңсеповаға «Құрмет» орденін табыстады.

Облыс әкімінің алғыс хаттары мен ақшалай сыйақыларымен қала және ауыл мектептерінің 26 педагогі марапатталды.

Сонымен қатар, конференцияда «Ең үздік орта білім беру ұйымы» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатқа ие болды. Оларға 11-12 миллион теңге көлемінде гранттар берілді.

Асхат Шахаров сондай-ақ кәсіби колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға 100 млн теңге көлемінде сертификаттар табыстады. Сыйақы 9 колледжге бұйырды.

Педагогикалық қызметтегі ерекше жетістіктері мен жоғары шеберлігі үшін мұғалімдер «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, ал басқармалар мен білім беру ұйымдарының басшылары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталды.