ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі өңір педагогтерімен кездесті

ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі өңір педагогтерімен кездесті


Ақтөбе облысына Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында ол өңір педагогтерімен кездесті. Іс-шара «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №79 орта мектеп базасында өтті.

Педагогикалық қауымдастықпен ұйымдастырылған кездесуде Майра Мелдебекова Ақтөбе облысы білім беру жүйесінің жоғары әлеуетін атап өтіп, халықаралық білім сапасын бағалау зерттеулерінде – PISA және МОДО жобаларындағы оң нәтижелердің маңыздылығына тоқталды.

«Ақтөбе облысы білім беру саласында тұрақты даму қарқынын көрсетіп отыр. Оқушылардың халықаралық зерттеулердегі жетістіктері өңір мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін және жоғары дайындық деңгейін дәлелдейді», – деп атап өтті бірінші вице-министр.

Сонымен қатар Майра Мелдебекова білім беру процесін цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу мәселелеріне мән берді. Оның айтуынша, цифрлық сауаттылықты дамыту мен инновациялық шешімдерді пайдалану білім беру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс.

Вице-министрдің атап өткеніндей, жасанды интеллект элементтері қазірдің өзінде математика мен информатика пәндерін оқытуда кеңінен қолданылуда. Мұндай жаңашылдық оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақта сұранысқа ие болатын дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

Жұмыс сапарының екінші бөлімінде бірінші вице-министр Ақжар тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында әлеуметтік және білім беру инфрақұрылымын дамыту, балалар мен жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелері талқыланды.