Шұбарқұдықта жаңа цифрлық мұражай, архив және кітапхана жұмысын бастады

Шұбарқұдықта жаңа цифрлық мұражай, архив және кітапхана жұмысын бастады

 

Темір ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Шұбарқұдық ауылына барды.

Асхат Шахаров ең алдымен Досжан Хазірет көшесіндегі орталық стадион, мұражай мен кітапханаға апаратын автожол мен автотұрақ құрылысы жобасымен танысты. Жобаны «Prof-Facade» ЖШС жүзеге асыруда. Құны – 293,3 млн теңге. Жоба аясында ұзындығы жарты шақырымға жуық жол, 186 орындық үлкен автотұрақ және ұзындығы 1 шақырым жаяужүргіншілер жолы салынады. Материал жеткілікті, жұмысшылар кезекті жұмыстарды бастап кетті.

Кейін облыс әкімі жаңа мұражай, архив және кітапхана ғимараттарын аралады. Мұражайда үш экспозициялық зал бар, қор 4 954 экспонатты қамтиды. Мұнда заманауи мультимедиялық технологиялар енгізілген: 3D-mapping, виртуалды презентациялар және интерактивті терминалдар. Архив қоймасы 79 мың сақтау бірлігіне есептелген, оның бір бөлігі цифрландырылды. Аудандық кітапхана 100 орынға лайықталған, ауыл тұрғындарын әдебиет және заманауи ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етеді. Ғимарат маңы абаттандырылған.

Шұбарқұдықта өңір басшысы мемлекеттік тапсырыс аясында ашылған жаңа «Мейірім» жеке балабақшасына барды. Нысанның құрылтайшысы – «Мейірім-жүрек» ЖШС. Балабақша 240 орындық, 10 топ жұмыс істейді. Мұнда балалардың денсаулығын нығайтуға арналған заманауи әдістер қолданылады: аурулардың алдын алу үшін тұз шахтасы жұмыс істейді, балаларға оттекті коктейль ұсынылады. Ұжымда 36 маман бар – тәрбиешілер, педагогтер және медицина қызметкерлері еңбек етуде.

Шұбарқұдық кентінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жүзеге асуына – «Antarium group» ЖШС жауапты, құны 4,2 млрд теңге. Бүгінгі күні құрылыс 65%-ке орындалған. Қабырғаларды қалау, іргетас пен инженерлік желілерді орнату жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта сыртқы инженерлік желілерді төсеу және ішкі әрлеуге дайындық қызу.

Облыс әкімі мектепті жаңа оқу жылының екінші тоқсанына дейін пайдалануға беруді тапсырды.

Сондай-ақ Асхат Шахаров Шұбарқұдық тұрғыны, «Ең үздік абаттандырылған аула» байқауының жеңімпазы әрі «Ауыл аманаты» жобасының қатысушысы Максим Чирковпен кездесті. Былтырғы жылы кәсіпкер 5,4 млн теңге жеңілдетілген несие алып, 120 шаршы метрлік жылыжай салған. Бүгінде онда қияр, қызанақ және көкөніс өсіріледі, маусымдық өнім көлемі шамамен бір тоннаға жетеді.

Облыс әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім беру мен мәдениет нысандарын жаңғырту, сондай-ақ ауыл кәсіпкерлерін қолдау – ауыл тұрғындары үшін жайлы жағдай жасап, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашатын басты міндеттер екенін атап өтті.