Кеңқияқта жаңа спорт кешені ашылды

Кеңқияқта жаңа спорт кешені ашылды


2023 жылы
облыс әкімі Асхат Шахаров Темір ауданына жұмыс сапарымен барғанда аталған спорт кешенін толықтай жаңартуды тапсырған еді. 

Бүгін ауданға сапар аясында өңір басшысы Кеңқияқ ауылындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен және жергілікті шаруашылықтардың қызметімен танысты.

Кеңқияқ ауылы - Кеңқияқ ауылдық округінің құрамында, 6 мыңнан астам адам тұрады. Ауылда мектеп, екі балабақша, аурухана, мәдениет үйі мен кітапхана бар. Сондай-ақ 10 шаруа қожалығы, 25 дүкен жұмыс істейді, 200-ден аса жеке кәсіпкер тіркелген. Халық негізінен мал шаруашылығымен айналысады: 1,5 мыңнан аса ірі қара, 13 мың қой-ешкі, 1 827 жылқы және 400-дей құс бар.

Өңір басшысына Кеңқияқта биыл маусым айында құрылысы аяқталған жаңа спорттық-сауықтыру кешені көрсетілді. Нысанды «РУС-ТАЛ» ЖШС салды. Жобаның құны – 869,8 млн теңге. Заманауи спорт кешені 100 орынға шақталған, ішінде үстел теннисі, таэквондо, қазақша күрес және басқа спорт түрлеріне арналған залдар бар.

Ауыл тұрғындары дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы жастар мен бүкіл округ үшін маңызды оқиға болғанын атап өтті. Енді жасөспірімдер және жастар, тіпті ересектер спортпен жайлы жағдайда айналысып, жарыстарға дайындалып, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік алды.

«Мен танымал спортшы, таэквондодан қара белбеу 6 дан иегері, еліміздегі таеквондо федерациясының негізін қалаушысы Мұстафа Өзтүріктің шәкіртімін. 2021 жылдан бері таеквондодан балаларды жаттықтырып келемін. Қазір жағдайымыз жақсы, осындай спорттық нысан салынды. Тәрбиеленушілердің ішінде республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындар иеленіп жүргендер бар. Заманауи, жаңа, барлық құрал-жабдықтары қамтылған спорт кешені үшін рахмет. Бұқаралық спортты дамыту, спорттың олимпиадалық түрлеріне жіті көңіл бөлу, ел намысын қорғайтын спортшыларды тәрбиелеп, жаттықтыру - міндетіміз»,- деді жаттықтырушы Қуаныш Рысбай. 

Асхат Шахаров екі жыл бұрын Кеңқияққа сапары барысында спорт кешенін салудан бөлек, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар тапсырма бергенін еске салды. Ауылда мектеп пен спорт алаңдары жөнделді, газ желілері, жолдар мен тротуарлар салынды, көше жарығы жаңартылды, аулалар мен тұрғын үйлер абаттандырылды.

«Бұл жасалған қадамның бәрі де – жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Берген тапсырмаларымның бірі – заманауи спорттық-сауықтыру кешенін салу еді. Бүгін оның салынғанын және жастар мен ауыл тұрғындарының игілігіне берілгенін көріп отырмыз. Кеңқияқта жаңа мектептер, балабақшалар және басқа да әлеуметтік нысандардың әлі де пайда болуы үшін жұмысты жалғастырамыз», – деді өңір басшысы.

Содан кейін облыс әкімі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық жаңа мектептің құрылыс барысымен танысты. Құрылысқа «Antarium group» ЖШС жауапты. Жалпы құны – 4,5 млрд теңге. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының 67%-дан астамы орындалған. Қабырғалары тұрғызылып, инженерлік желілер тартылған, құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар, іргелес аумақ абаттандырылды: ұзындығы 2,4 шақырым жолдар мен тротуарлар салынды, 69 шам орнатылды.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту ауыл шаруашылығын қолдаумен қатар жүреді, себебі ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі – осы сала. Сондықтан жұмыс сапарының келесі нысаны Кеңқияқтан 71 шақырым қашықтықта орналасқан «Ақбөпе» шаруа қожалығы болды.

Бұл қожалықта 438 ірі қара, 297 жылқы және 21 ұсақ мал бар.  «Әулиекөл» (161 бас) және «Шароле» (176 бас) сияқты асылтұқымды маңызы ерекше. Шаруалардың сөзінше, мұнда біртіндеп жаңа мал ұстау әдістері енгізіліп, жем-шөп базасы жақсартылып, жайылымдық жерлер кеңейтілуде.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау басымдықтардың бірі болып қала беретінін алға тартты, өйткені аграрлық сектордың дамуы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне және ауыл отбасыларының әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ал  мектептер мен спорт кешендері салынып, шаруалар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілсе, ауылдың дамуына жол ашылады, жастарға жаңа мүмкіндік беріледі.