Шұбарши ауылында басталған жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда

Шұбарши ауылында басталған жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда

 

Бұл ауылда облыс әкімі екі жыл бұрын болып, әлеуметтің әлеуетін көтеру және ауылды дамыту бағытында бірқатар тапсырма берген-ді. 

Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров Темір ауданына жұмыс сапарымен келді, әлеуметтік маңызы бар нысандардың тыныс-тіршілігі және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуымен танысты.

Әкім алдымен Шұбарши ауылына барды. Бұл елді мекен – Саркөл ауылдық округінің әкімшілік орталығы, онда 6 мыңдай тұрғын тұрады.

Өңір басшысына Саркөл ауылдық округінде су құбыры желілерін қайта құру жобасы таныстырылды. Жобаны мердігер ұйым «Алихан Ойл З» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаның құны – 1,1 млрд теңге, құрылыс төрт айға жоспарланған. Жалпы ұзындығы 8,8 шақырым желіні, 153 құдықты және сорғы станцияларын жөндеу көзделген. Бүгінгі таңда 6 шақырым су құбыры тартылып, 70 құдық жөнделді, №1 сорғы станциясының қоршауы аяқталды, су ұңғымасы бұрғыланып, екі резервуар тұрғызылды. Қазіргі таңда олардың беткі бөлігіне бетон жамылғысы төселіп жатыр.

Одан кейін Асхат Шахаров Шұбарши ауылындағы автомобиль жолдарының құрылысы барысымен танысты. Жобаның мердігері – «DEN-Grup Plus» ЖШС. Ұзындығы 4,3 шақырымды құрайтын жоба Сәтбаев, Степная, Аэродромная, Құрылысшылар, 1 Мамыр және Аврова көшелерін қамтиды. Құрылыс құны – 654 млн теңге, жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда жол төсемінің негізі дайындалып, қажетті материалдар жеткізілген. Асфальттау жұмыстарының негізгі бөлігі орындалды.

«Екі жыл бұрын келгенде сізге бірнеше мәселемізді айттық. Нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. Ауызсу құбыры жаңартылып жатыр. Жолдарымызға асфальт төселуде. 18 көшенің 15-нде асфальт бар. Қалғаны біртіндеп болады деп жоспарланып отыр. Бастысы - жұмыстарды өз өлкеміздің азаматтары қолға алды. Жауапкершіліктері артып, барынша сапалы, дәл мерзімінде пайдалануға беріп жатқаны қуантады. Сөзімізді жерге тастамадыңыз. Ауыл тұрғындарының атынан ризашылығымызды білдіреміз», - деді ауыл тұрғыны Қылышбай Әбенов. 

Өңір басшысы ауылдардағы инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытудың ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін және өңірдің экономикалық өсуіне жағдай жасайтынын атап өтіп, тұрғындарға сабырлық танытып, барлық игілікті іске белсене араласқаны үшін алғысын жеткізді.