Ғазиза Жұбанова көшесінің жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда

Ғазиза Жұбанова көшесінің жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда

 

Қазіргі таңда Сәңкібай батыр даңғылынан Оңтүстік айналма жолға дейінгі 2,8 шақырымдық жол учаскесінде жұмыстар қарқынды.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құрылыс нысанына барып, ондағы жер қазу және асфальт-бетон жабындысын төсеу барысымен танысты.

«Бұл жолдың қала үшін стратегиялық маңызы бар. Ол маңызды көлік бағыттарын біріктіріп, Алтын Орда аумағындағы қозғалысты едәуір жеңілдетеді. Барлық жұмыс сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Мердігер ұйым құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, барлық техникалық талаптарды сақтауы қажет», – деп атап өтті өңір басшысы.

Аталған жол Сәңкібай батыр даңғылын Оңтүстік айналма автожолымен байланыстырып, Алтын Орда шағын ауданындағы Мұстафа Шоқай және Хәлел Досмұхамедұлы көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Құрылыс жұмыстарына «Прогресс KZ» ЖШС жауапты. Компания өкілінің айтуынша, жолдың шағылтас төсемі дайындалып, асфальт төсеу жұмыстары басталған. Жол учаскесін тамыз айында пайдалануға беру жоспарлануда.

Жол төрт жолақты болады, ортасында бөлгіш жолақ, нөсер кәріз жүйесі, екі жақты тротуар мен веложолақтар, жарықтандыру, автотұрақ, аялдамалар мен бағдаршамдар қарастырылған. Сондай-ақ, бұрылыстарға арналған жолайрықтар салу арқылы көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығы артпақ.

Облыс әкімі мердігерге жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Ғ. Жұбанова көшесіне қатысты барлық жұмыс, абаттандыру шараларымен қоса, жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.