Ақтөбе облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

Ақтөбе облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде


Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев Байғанин және Темір аудандарына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі темір жол вокзалдарын жаңғырту, көлік инфрақұрылымын жақсарту және құрылыс жұмыстарының іске асырылу барысымен танысты.

Сапар аясында Асылбек Есенбаев Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылындағы теміржол вокзалында жүргізіліп жатқан жаңғырту және вокзал маңын абаттандыру жұмыстарын тексерді.

Бұл жұмыстар ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан жүзеге асырылуда. Жалпы облыс бойынша Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар, Алға, Жем қалалары мен Қарауылкеді және Шұбар ауылындағы жеті вокзал қайта жаңартылмақ.

Облыс әкімінің орынбасары мердігер ұйымдарға инженерлік-коммуникациялық жүйелерді (жылыту, сумен жабдықтау, жарықтандыру) қайта жаңарту, жолаушылар платформаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімділікті толық қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелерге баса назар аударуды тапсырды.

Сондай-ақ, Қарауылкелді ауылындағы Барақ батыр, Жазықов және Қонаев көшелеріндегі жол жөндеу сапасы мен өрт сөндіру бекетінің құрылысы тексерілді.

Темір ауданына сапарында А.Есенбаев Шұбарқұдық ауылындағы темір жол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарымен және «Келешек мектептері» жобасымен бой көтеріп жатқан мектер құрылысының бағамдады.

Сапар қорытындысы бойынша Асылбек Есенбаев мердігер ұйымдарға барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде және сапа талаптарына сай орындауды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

«Темір жол вокзалдары – бұл облыс тұрғындары мен қонақтары үшін көлік қақпасы ғана емес, сондай-ақ өңірдің келбеті. Олардың қолайлы, қауіпсіз және заманауи болуы – басты міндетіміз», – деді Асылбек Есенбаев.

Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың екінші жартысында басталып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жаңғыртылған вокзалдар жолаушыларға жайлы жағдай жасап, облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға тың серпін бермек.