Облыс әкімі ҰҚК аудандық бөлімі ғимаратының ашылуына қатысты

Облыс әкімі ҰҚК аудандық бөлімі ғимаратының ашылуына қатысты

 

Мұғалжар ауданында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдары күніне орай аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы өтті. Атаулы күн жыл сайын 13 шілдеде атап өтіледі.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдегі тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлестері мен адал қызметтері үшін алғыс білдірді.

Өз сөзінде өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Комитеттің әрбір қызметкері өз ісіне адал әрі нағыз кәсіби маман болуы тиіс. Қандай жағдай болмасын, мемлекет мүддесі бәрінен биік тұруы қажет», – деген сөзін еске салды. Әкімнің пікірінше, бұл сөздер ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне мемлекет пен қоғам тарапынан қойылатын жоғары талаптарды айқын көрсетеді.

«Ұлттық қауіпсіздікті нығайту – мемлекеттің басты міндеті. Әсіресе, Мұғалжар сияқты мұнай-газ және кен өндіру өнеркәсібі шоғырланған, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан, облыстағы ең ірі теміржол торабы орналасқан стратегиялық маңызы бар аудандарда бұл ерекше маңызды. Мұндай жерде жедел ахуалға жіті көңіл бөлініп, тәртіп сақталуы тиіс», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Жаңа нысан күштік құрылымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағдарламасы аясында салынды. Құрылыс жұмыстарын «Nomad Құрылыс» ЖШС жүргізді. Құрылыс 2024 жылғы тамыз айында басталып, 2025 жылғы шілдеде аяқталды. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы – 626,13 шаршы метр. Заманауи жағдай мен техникалық жарақтандыру қызметкердің тиімді әрі жедел жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

«Бұл ғимаратта тәртіпті, білікті мамандар жұмыс істеп, уақыт сынына төтеп беретін жауапты шешімдер қабылдайды деп сенемін. Антқа адал болып, абыроймен қызмет етіңіздер», – деді облыс әкімі.

Сөз соңында Асхат Шахаров ұжымға зор денсаулық, кәсіби табыс пен отбасыларына амандық тіледі.