Мұғалжар ауданы инвестициялық және инфрақұрылымдық әлеуетін кеңейтуде

Мұғалжар ауданы инвестициялық және инфрақұрылымдық әлеуетін кеңейтуде

 

Облыс басшысы мұнайлы өлкенің әлеуметтік-экономикалық даму барысын тыңдады. 

Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов өз баяндамасында бес айды қорытындылап, өнеркәсіпте өсім артып, инвестициялық белсенділік күшейіп келе жатқанын жеткізді. Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы қарқынды, инфрақұрылымдық жобалар да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 

Мұғалжар ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 237,2 млрд теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8%-ке өсті. Өңдеу саласы 11,7%-ке артып, 35,6 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 40%-ке көбейіп, 47,8 млрд теңгеге жетті. АЛ ауыл шаруашылығы оң динамикасын сақтап қалды: 9,6 млрд теңге немесе 2024 жылдың сәйкес кезеңіне 105%-ті құрады. 

Жыл басынан бері ауданда 9,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырғы деңгейден 6,2%-ке жоғары. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,4 млрд теңгеге жетті. Сауда-саттықта да өсім бар: бөлшек сауда айналымы 55%-ке, көтерме сауда айналымы 8 есе өсті.

«Біз инвестицияларды тартуға және ауқымды жобаларды іске қосуға ерекше назар аударамыз. Ауданда Қытай локомотивтеріне техникалық қызмет көрсету бекеті салынуда және келешекте жел электр станциясы, газ-химия кешені, Тау-кен металлургия комбинатының құрылысы жоспарланып отыр. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» базасында логистикалық әлеуеті бар субиндустриалды аймақ құрылуда. Осы жобалардың іске қосылуы бизнестің дамуына мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындары ашылады», - деп атап өтті Дархан Ермағанбетов.

Әлеуметтік инфрақұрылым саласында мектептер, балабақшалар мен спорт нысандарын салу және жөндеу белсенді түрде жалғасып жатыр. Ауданда 12 741 оқушы білім алып жүрген 37 мектеп бар. Ембі, Талдысай, Темір-көпір, Ащысай ауылдарында жаңа мектептер салынды. Сонымен қатар, Қандыағаш және Көтібар ауылында екі білім ордасы, Жағабұлақ, Ақкемер және Жұрында балабақшалар бой көтеруде.

Ауданда 490 шаруа қожалық пен 23 ЖШС-нің жұмысы табысты. Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік секторға 700 миллион теңгеден астам инвестиция салынды. Сәтті іске асырылған жобалардың қатарында – «Ерлан» ӘКК ет комбинаты және «Айсұлтан»шаруашылығының жайылымы бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша биыл 109 жобаны іске асыру жоспарланған, оның 50-і - қаралуда. Бүгінге дейін жалпы сомасы 400 миллион теңгеге  жобалар өтінім берді. 

Облыс әкімі Асхат Шахаров ауданның кешенді дамуының маңызын атап өтіп, инвестиция тарту және әлеуметтік саланы жаңғырту бағытын қолдады. Алдағы уақытта да жұмыстар халыққа қолайлы жағдайлар жасап, орнықты экономикалық дамуға бағытталмақ.

«Мұғалжар ауданының әлеуеті зор, жергілікті билік пен бизнес-қоғамдастықтың үйлесімді жұмысының нәтижесінде барлық жоспарланған жобаларды сәтті жүзеге асыра аламыз», - деді Асхат Шахаров.

Кездесу соңында аймақ басшысы жол инфрақұрылымын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.