Қандыағашта теміржол вокзалы жөнделіп жатыр

Қандыағашта теміржол вокзалы жөнделіп жатыр

 

Мұғалжар ауданына жұмыс сапары аясында өңір басшысы Асхат Шахаров жергілікті теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл нысан – өңірдегі вокзал шаруашылығын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобаның басым бағыттарының бірі.

Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды. Жертөледегі ескі есіктер мен силикатты қабырғалар бұзылып, шатырды тексеру жұмыстары басталды, жылу жүйесін бөлшектеуге дайындық жүріп жатыр, құрылыс қалдықтары шығарылуда. Вокзал кешенінің жолаушылары мен қызметкерлері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы контейнерлер орнатылды.

Жоба «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқаруында, мердігер ұйым – «Абай&C» ЖШС. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны – 2,6 млрд теңге. Қайта жаңғырту 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Нысанды аралау кезінде облыс әкімі вокзал инфрақұрылымын жаңартудың тұрғындар мен қонақтардың өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтті. 

«Теміржол вокзалы – қалаға келген адам ең бірінші көретін орын. Ол заманауи, қауіпсіз және барлық адамға – жолаушыларға, қызметкерлерге, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуы тиіс. Біз бұл жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауымыз керек», – деді өңір басшысы.

Қандыағаштағы вокзалдың қайта жаңғыртылуы – кешенді бағдарламаның бір бөлігі. Бұл бағдарламаға Ақтөбе, Шалқар, Жем, Алға қалаларындағы және Шұбарқұдық пен Қарауылкелді ауылдарындағы вокзалдар да кіреді. Жалпы саны – жеті. Барлық вокзалды жөндеуге 6,7 млрд теңге бөлінген. Мердігерлер анықталып, келісімшарттар жасалған. Жұмыстар бір мезетте жүргізілуде: ескі құрылымдар бұзылып, электр сымдары тартылып, ішкі бөлмелер сыланып, жолаушыларға арналған уақытша аймақтар жабдықталуда.

Сонымен қатар, вокзал маңындағы аумақтарды абаттандыру да көзделген. Әр нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Барлық жұмыс облыс тұрғындары мен қонақтарына жайлы, қауіпсіз әрі заманауи теміржол инфрақұрылымын ұсыну мақсатында жүзеге асырылуда.