Облыс әкімі Асхат Шахаров Қандыағаш қаласында орналасқан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барды. Онда қарттардың бос уақытын белсенді әрі мазмұнды өткізуге арналған жағдайлармен танысып, орталыққа келушілермен сөйлесті.
Орталық 2024 жылы іске қосылды. Содан бері қарттар үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бүгінде 60-тан астам зейнеткер бар. Қариялардың орталықтағы уақыттары белсенді әрі пайдалы өту үшін 6 қызметкер еңбек етеді.
Орталық басшысы Анар Ниязбекованың айтуынша, мұнда скандинавиялық серуендеу, йога, би, емдік дене шынықтыру сабақтары өткізіледі, сонымен қатар шахмат, домино және тоғызқұмалақ ойнауға болады. Ата-әжелердің белсенді демалысын әртараптандыру үшін екі қабатты ғимаратта фитнес, еңбек терапиясы залы, оқу сыныбы, этностильдегі кабинет және ойын бөлмелері жабдықталған. Сондай-ақ, мерекелік іс-шаралар да белсенді түрде өткізіліп тұрады. Жуырда орталықта қарттардың қызығушылықтарын ескеріп, жаңа үйірмелер ашу жоспарлануда.
«Бірте-бірте келушілер саны артып келеді. Адамдар мұнда физикалық белсенділік үшін ғана емес, қарым-қатынас үшін де келеді. Орталықта қызықты әрі пайдалы уақыт өткізуге, қуат алуға толықтай жағдай жасалған», - деді Анар Ниязбекова.
Облыс әкімі зейнеткерлермен сөйлесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Үлкендер жағы жасаған жағдайларға алғыс білдіріп, белсенді демалыс үшін арнайы орын бар екеніне қуаныштарын білдірді.
«Аға буынның қамқорлықты сезінуі өте маңызды. Мұндай орталықтар адамдарға өздерін қажет сезінуге, белсенді өмір салтын ұстануға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Облыстың барлық ауданында осындай кеңістіктер құруды әлі де жалғастырамыз», - деді аймақ басшысы.