Ақтөбелік жастар жарысып жүріп, 500-ге жуық қап қоқыс жинады

Ақтөбелік жастар жарысып жүріп, 500-ге жуық қап қоқыс жинады

 

Ақтөбеде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Jasyl Cross 2025» марафон-плоггингін өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналып келеді.

Шараның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде жастар арасында отансүйгіштік, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.

«Бүгінгі шараға «Жасыл ел» еңбек жасағының 220 сарбазы қатысуда. Сонымен қатар, белсенді қала жастары да экологиялық акцияға белсене атсалысып жатыр. Мұндай игі бастамалардың біз үшін маңызы ерекше. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар бұл аймаққа келіп, өздерімен алып келген қалдықтарын жинамай, шашып кетеді. Сол себепті, біз шараға қатысқан жастарды қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарап, қаланың тазалығына жауапкершілікпен қарауға үндеп жатырмыз. Жалпы, плоггинг акциясына қатысқан жастардың белсенділігі жоғары, еңбекке деген құлшынысы қуантады», – дейді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мен «Атамекен» студенттер отрядтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаев.

Биылғы шара Ақтөбенің Кірпішті елдімекеніндегі «Махаббат тауы» демалыс орнында өтті. 300-ге тарта жас 31 командаға бөлініп (әр топта 7 адамнан), 45 минут ішінде аумақты қоқыстан тазалады. Жалпы алғанда, шара барысында 500-ге жуық қап (10 тонна) қоқыс жиналған.

Сонымен плоггинг қорытындысында 34 команданың ішінде үш команда көп қоқыс жинап, алғы шепке шықты. «Көкжал» командасы 53 қапты толтырып, І орынды иеленіп, кубокті жеңіп алса, ІІ және ІІІ орынды «Акацуки» пен «Жалын» командасы иеленді.

Айтып өтейік, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы және «Атамекен» студенттік отрядтарының жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері белсене қатысты.