2024 жыл «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ үшін бетбұрыс жылы болды. Аудиттелген қаржылық есептің нәтижесі бойынша компания жылды 563,9 миллион теңге таза табыспен аяқтады. Ал 2023 жылы 207 миллион теңге шығын тіркелген еді. Бұл – соңғы алты жыл ішіндегі алғашқы оң қаржылық нәтиже.
Қаржылық көрсеткіштер айтарлықтай өсімді көрсетуде. Мысалы, компанияның активтері 20,1 миллиард теңгеге жетті; табыс 6,6 есеге артып, 277 миллионнан 1,84 миллиард теңгеге дейін өсті, ал EBITDA 900 миллион теңгені құрады.
Мұндай нәтижелерге жүйелі жұмыс пен стратегиялық өзгерістердің арқасында қол жеткізілді. 2024 жылы Қазақстанның Ұлттық даму жоспарына негізделіп, 2025–2029 жылдарға арналған Даму жоспары бекітілді.
Компания цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізуде. Атап айтқанда, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы IT-стандарттар енгізілді; құжат айналымының 90%-ы цифрлық форматқа көшірілді; нормативтік құжаттар мен шешімдердің электронды базасы құрылды; 45-тен астам ішкі регламент әзірленді; қызметкерлердің электронды құжаттары және кадрларды іріктеудің ашық рәсімдері мен тиімділікті бағалау жүйесі енгізілді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында 2867 ауыл кәсіпкері қаржыландырылды. Жалпы қаржыландыру көлемі – 16,3 миллиард теңге.
«Кен Дала-2» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 8 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 1,16 миллиард теңге бөлінді.
Сонымен қатар, «Айс» ЖШС үшін 800 бас ірі қараға арналған сүт-тауар фермасының құрылысы қаржыландырылды – инвестиция көлемі 3,25 миллиард теңгені құрады.