Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде ұлттық ауыл шаруашылығы санағын ұйымдастыру және өткізу мәселесі талқыланды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Статистика департаментінің басшысы Жолдасқали Беисов пен Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев баяндама жасады.
Жолдасқали Беисовтің айтуынша, елімізде биыл кең ауқымды статистикалық зерттеу — Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жүргізілмек. Санақ 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді. Оның негізгі мақсаты — елдегі аграрлық саланың қазіргі жағдайын нақтылап, әрі қарайғы даму бағыттарын айқындау.
«Санақ екі кезеңмен жүзеге асырылады. Алдымен, 1–31 тамыз аралығында азаматтар арнайы сайтқа кіріп, қажетті ақпаратты өздері енгізе алады. Бұл кезеңде sanaq.gov.kz платформасы арқылы онлайн қатысу мүмкіндігі беріледі. Ал қыркүйектің 20-сынан бастап қазан айының соңына дейін сұхбат алушылар үй-үйді аралап, сауалнама толтырмағандармен жүздеседі. Әр үйге барып, сұрақтарға жауап алады. Бұған дейін маусым айында облыста дайындық жұмыстары басталып, тұрғындардың тізімі нақтыланады», — деді ол.
Сауалнамаға ауыл шаруашылығымен айналысатын барлық субъектілер — заңды тұлғалар, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және жеке қосалқы шаруашылық иелері қатысады. Жері, малы, бау-бақшасы бар тұрғындар да назардан тыс қалмайды. Өңірде шамамен 57 мың үй шаруашылығы мен 10 мыңнан астам агроөндірушіні қамту жоспарланып отыр.
Науқанға қатысуды жеңілдету мақсатында аудан орталықтары мен ауылдық округтерде интернетке қосылған арнайы бұрыштар жабдықталады. Қатысушылар сауалнаманы осы жерлерде өз бетімен толтыра алады. Қосымша сұрақтар бойынша sanaq.gov.kz сайтындағы Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісінен немесе 1446 қысқа нөміріне хабарласуға болады.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев облыстың санаққа дайындығы туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірлік комиссия құрылып, барлық аудан мен облыс бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Елді мекендердің карталары мен сызбалық жоспарлары жаңартылған.
Сонымен қатар, аудан әкімдіктері мен ветеринария басқармасы 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мал мен құс басының деректерін нақтылап, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесімен (АШЖБ/БДИСЖ) сәйкестендіру жұмыстарын жүргізген. Санақ барысында алынатын мәліметтер ИСЖ базасындағы деректермен үйлесуі тиіс.
Облыс әкімі Асхат Шахаров баяндамаларды тыңдай келе, бұл науқанның еліміздің аграрлық секторындағы нақты жағдайды анықтап, тиімді даму стратегиясын жасауға және мемлекеттік қолдау шараларын дұрыс жоспарлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы — маңызды науқан. Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ауыл шаруашылығы субъектілерінің барлығын — жеке қосалқы шаруашылықтарды, шаруа қожалықтарын, фермерлік және аграрлық ұйымдарды толық қамту қажет. Аудан және ауыл әкімдіктері санақтың ұйымдастырылуы мен өткізілуіне атсалысып, қажетті логистикалық және техникалық қолдау көрсетуі тиіс», — деді өңір басшысы.