Бүгін облыстық мәслихаттың кезекті он тоғызыншы сессиясында 25 мәселе қаралды. Сессия отырысына облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, сондай-ақ департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.
Күн тәртібінде 2024 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы және әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы, 2024 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының есебі, жастар саясатын жетілдіру, іске асырылып жатқан жастар бағдарламаларының тиімділігін арттыру, сондай-ақ облыстық мәслихаттың «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері талқыланды.
Бірінші мәселе — 2024 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы және әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің айтуынша, өткен жылы облыстық бюджет түсімдерінің жоспары 633,7 млрд теңге болса, оның ішінде кіріс мөлшері – 539,6 млрд теңгені, нақты түскені 555,2 млрд теңгені құраған. Осылайша жоспар 102,9%-ға орындалған.
«Былтыр облыстық бюджеттің жеке кірістері 92,3 млрд теңгеге жоспарланып, нақты түсім 108,0 млрд теңгені құрады немесе жоспар 15,7 млрд теңгеге артық орындалды. Өсу қарқыны 2023 жылмен салыстырғанда 125,5 пайызға жетіп отыр немесе 22,0 миллиард теңгеге артық», - деді ол.
Ал Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Кенжиннің айтуынша, тексеру комиссиясының бағалауы бойынша 2024 жылға арналған облыстық бюджет нормативтік-құқықтық актілеріне және қағидаттарына сәйкес келеді. Былтыр облыстық бюджетке 604,3 млрд. теңге түсім түскен, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 60,5 млрд теңгеге немесе 11,1%-ға артық.
Отырыста облыстық мәслихат депутаттары баяндамашыларға өз сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Сондай-ақ Бану Тілегенова мен Естай Сисенбаев депутаттық сауалдарын жолдады.
«Бүгін көптеген мәселелер қаралды. Алда әлі де атқаратын жұмыстар мен міндеттер көп. Сіздер барлық мемлекеттік органдармен ауызбіршілікте жұмыс жасап келесіздер. Халықтың қолдауымен іске асырылып жатқан жобалар да жетерлік. Кешегі келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Әлия апамыздың рухына тағзым етіп, жұртшылықпен кездесті. Президент облысымызда «Таза Қазақстан» акциясы жақсы жүзеге асырылып, еңбек адамдарының жемісті еңбек етіп жатқанын атап өтті. Ерекше атап өту керек, «Заң мен тәртіп» қағидасын қолға алып, қоғаммен жұмыс істеу керектігі айтылды. Бұл орайда сіздер 6 бағыт бойынша жұмыстарды алдағы комиссия отырыстарында қарауларыңыз керек. Заң қашан да үстем болуы керек және өңірде заңбұзушылықтар болмауға тиіс. Бұл тұрғыда сіздер халықпен жұмыс істеулеріңіз қажет.
Жалпы, жыл басынан бері сіздер халықпен ақылдаса отырып, сайлауалды бағдарламаларыңыздағы жобаларды жүзеге асыруда жұмыстанып келесіздер. Алда да бұл жұмыстар жалғасады. Күн тәртібінен түспейтін жол, инфрақұрылым, басқа да мәселелер бар. Осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыруда бөлінген қаржыны тиімді әрі уақтылы игеру маңызды.
Сөз соңында баршаңызға алғыс айта отырып, халықтың әл-ауқатын арттыруда, Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауда бар әлеуетіміз бен мүмкіндігімізді пайдаланып жемісті еңбек ете берейік», - деп атап өтті сессияны қорытындылаған облыс әкімі.