Ақтөбеде үздік денсаулық сақтау саласының қызметкерлері марапатталды

Ақтөбеде үздік денсаулық сақтау саласының қызметкерлері марапатталды

 

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.

Шара барысында өңірдегі денсаулық сақтау саласының жетістіктері мен даму бағыты кеңінен айтылып, ақ халатты абзал жандардың ел алдындағы еңбегі ерекше атап өтілді.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, сала мамандарына ыстық ықыласын жеткізді.

«Сіздердің әр күніңіз — адам өмірін сақтап, үміт пен сенім сыйлауға арналған. Бұл – үлкен жауапкершілік пен жүрек жылуын талап ететін мамандық. Ел Президенті жариялаған “Адал азамат” тұжырымдамасындағы адалдық, кәсібилік, әділеттілік пен жауапкершілік құндылықтарын сіздер күнделікті еңбектеріңізде лайықты көрсетіп келесіздер», – деді облыс әкімі.

2024 жылы өңірде 12 жаңа денсаулық сақтау нысаны іске қосылып, 14 мекеме күрделі жөндеуден өтті. Ауылдық елді мекендерге 40 жас маман жолданып, 4,5 миллиард теңгеге медициналық техника сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы 11 нысан салынып, 8 мекеме жаңғыртылады деп жоспарланған.

Бүгінде өңірде жыл сайын 250-ге жуық ашық жүрекке операция жасалады. Ана мен бала денсаулығын сақтау бағытында да нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. 2024 жылы 6034 сәби дүниеге келсе, биылдың алғашқы айларында 5255 сәби өмірге келген. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 425 бала дүниеге келді. 2025 жылы балаларға арналған кардиохирургиялық орталық ашу көзделуде.

Кадр даярлау ісіне М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті мен М.Мәметова атындағы медициналық колледж де айтарлықтай үлес қосып келеді.

Шара барысында сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, үздік қызметкерлер марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Ерен еңбегі» медалі, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен табыс етілді.

Мәншүк Мәметова атындағы медициналық колледж студенттері салтанатты шараға жиналған сала ардагерлеріне құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар ұсынды.

Мерекелік кеш ақтөбелік өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.