Ақтөбеде Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі жоғары деңгейде атап өтілді

Ақтөбеде Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі жоғары деңгейде атап өтілді

 

Мерекенің басты салтанаты «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының жанында өтті. Балалар мен олардың ата-аналары үшін шығармашылық және ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылды. Алаң ертемен көңілді әуенге, көтеріңкі көңіл-күйге толы атмосфераға орнады. Балғындар түрлі байқауларға, ойындар мен көрмелерге қатысты.

Мерекелік іс-шараға қатысқан аймақ басшысы Асхат Шахаров, балалар мен ата-аналарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.

«Жаздың алғашқы күнінде ең маңызды мерекелердің бірі – Балаларды қорғау күнін атап өтеміз. Әр ата-ана үшін ең үлкен бақыт – баласының адал, еңбекқор, саналы азамат болып өскенін көру. Ал мемлекет алдындағы басты міндет – еліміздің ертеңі болатын білімді, дені сау әрі отаншыл ұрпақты тәрбиелеуге барлық жағдай жасау. Бүгінгі балалар – ертеңгі ел тірегі. Әр бала мейірім мен махаббатқа, қамқорлыққа бөленсін», – деді Асхат Шахаров құттықтау сөзінде.

Өңір басшысы балаларға мықты денсаулық, бақытты балалық шақ, жарқын әсерлер, сенімді достар мен үлкен жетістіктер тіледі. Сонымен қатар, ата-аналар, мұғалімдер және бүкіл қоғамның қолдауы арқылы өсіп келе жатқан ұрпақ өз елінің лайықты азаматы болып қалыптасатынына сенім білдірді.

Мереке мазмұнды бағдарламамен жалғасын тапты. Әр ұйым алуан тақырып бойынша арнайы алаң әзірледі: колледждер мен техникалық шығармашылық орталығы робототехника және модельдеу саласындағы жетістіктерін көрсетті, оқушылар өздерінің ғылыми және шығармашылық жобаларын таныстырып, қонақтардың үлкен қызығушылығына ие болды. Көркемсурет лицейі жас қылқалам иелерінің жұмыстарынан көрме ұйымдастырды. Балалар ашық аспан астында сурет салып, өз өнерлерін ортаға салды.

Музыка мектептерінің оқушылары сахнада ән-жырдан шашу шашып, хореография студияларының тәрбиеленушілері өздерінің жарқын би нөмірлерін ұсынды.

Әсіресе бүлдіршіндердің жарысы мен арбалар шеруі көпшілік қызығушылығын туғызды.

Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар кішкентай қонақтарды өз мамандықтарының ерекшеліктерімен таныстырды. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің арнайы техникасы мен жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды.

Ал сахна төрінде түрлі қосымша және жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары мен тәрбиеленушілері қатысқан әсерлі мерекелік концерт өтті. Көрермендер Қазанғап атындағы өнер мектебі, Қ. Жұбанов атындағы музыкалық колледж, №1 және №3 балалар музыка мектептері, «Саз» студиясы, сондай-ақ «Media pro», «MEGA STARS», «Тұран» орталықтарының дарынды бүлдіршіндерінің өнерінен ерекше әсер алды. Концерт көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің сәнін келтірді.