Ақтөбе облысында орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша рейдтер өтуде

Ақтөбе облысында орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша рейдтер өтуде

Ақтөбе облысында орман, дала алқаптарында және демалыс аймақтарында өрттің алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар күшейтілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, орман шаруашылығы мен жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізуде.

Рейд барысында тұрғындар мен демалушыларға орманда от жағуға, темекі қалдығы мен шыны бөтелке тастауға болмайтыны ескертіледі. Мамандар өрт қауіпсіздігі ережелері жазылған жадынамалар таратып, кез келген бейқам әрекет өртке, табиғаттың жойылуына және адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі мүмкін екенін түсіндіреді.

Биылғы жылдың басынан бері өңірде 157 өрт тіркелген, оның ішінде біреуі – орман өрті. Қазіргі таңда дала алқаптарында жану фактілері тіркелмеген. Алайда күннің жылынуына байланысты ашық аумақтағы жану жағдайлары жиілеген. Осыған байланысты ТЖД қосымша профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Рейд қорытындысы бойынша 25 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Орман және дала өрттерінің алдын алу және сөндіру бойынша жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар жоспары аясында 2025 жылы 12 өрт сөндіру бекетін құру көзделген, оның 6-уы қазірдің өзінде ашылды. Жалпы облыс аумағында 73 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Өрттің алдын алу мен сөндіруге 1912 адамнан тұратын ерікті өртке қарсы құрылымдар да қатысады. Олар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген», – деді Ақтөбе облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының маманы Аслан Мұхтар.

Өткен жылдардағы өрттерге жүргізілген талдау көрсеткендей, жану жағдайларының басым бөлігіне адами факторлар себеп болған. Заңнамаға сәйкес, елді мекендер аумағында қоқыс жағу сияқты өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар қарастырылған: жеке тұлғаларға – 20 АЕК, кәсіпкерлерге – 200 АЕК-тен жоғары. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы елді мекендерінің абаттандыру қағидалары бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жағуға тыйым салынады. Бұл ережелерді бұзғаны үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында ТЖД мамандары тұрғын үй алабтарында дауыс ұлғайтқыш құрылғыларды пайдалана отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жағдайға бақылау жасау үшін пилотсыз ұшу аппараттары – дрондар да қолданылып, олар саяжайлар, ормандар мен демалыс аймақтарындағы ахуалды бақылауға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақ болуға, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және құтқару қызметтерінің 101, 112 нөмірлерін есте сақтауға шақырады.