1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Арман» шаруа қожалығын Владимир Евстратов басқарады. Кәсіпорын өсімдік шаруашылығына маманданған. Шаруашылықтың жалпы жер көлемі 2 379 гектар, оның 1 013 гектары – егістік, 1 366 гектары – жайылым. Шаруашылықта 265 гектар жерге бидай, 900 гектарға арпа, 75 гектарға картоп егілген.
Шаруашылықта 27 адам еңбек етеді. 15 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар. Сонымен қатар 28 жылқы өсіріледі.
Облыс әкімі Владимир Евстратовпен егін жинау науқанының қорытындыларын, өнімділік және картопты сақтау мәселелерін талқылады. Шаруа қожалығы басшысының айтуынша, картоптың орташа өнімділігі гектарына 12 тоннадан асады.
«Біздің өңір үшін бұл – жақсы көрсеткіш. Жоғары өнім алу ғана емес, оны дұрыс сақтау, сұрыптау және әрі қарай өткізу де маңызды. Әсіресе бұл тұрақтандыру қорларына түсіп, кейін халыққа сатылатын көкөніс өнімдеріне қатысты. Өнімді сақтау мен сұрыптаудан бастап, оны өткізуге дейінгі әр кезеңді мұқият бақылау қажет. Халыққа сапалы өнім жеткізілуі тиіс»,– деді Асхат Шахаров.
Өңір басшысы шаруашылықтың картоп өнімі сақталған қоймасын да аралады. Владимир Евстратов қойманың ерекшеліктері мен өнімді сақтау жағдайлары туралы айтып берді. Оның сөзінше, тіпті қатты аяз кезінде де мұнда қажетті температураны сақтауға мүмкіндік бар.
Кездесу барысында «Арман» шаруа қожалығының басшысы картоп шаруашылығын одан әрі дамыту жоспарларымен бөлісті. Шаруашылықта картоп едәуір көлемдегі алқапқа егіледі. Бұл өндірістің тұрақты көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ облыс әкімі Желтау ауылдық округіндегі өзге де шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті. Аграршылар өз шаруашылықтарындағы қазіргі жұмыс барысы туралы айтып, маусымдық жұмыстар кезінде туындайтын мәселелерді ортаға салды.
Негізгі мәселелер қатарында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, несие ресурстарының қолжетімділігі, көктемгі егіс науқанын өткізу, жерді тиімді пайдалану және мал шаруашылығын дамыту мәселелері бар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, сақтау және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.
2023 жылы «Арман» шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жалпы құны 1 066,4 млн теңгені құрайтын заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 147 млн теңге көлемінде несие берілген.
Кездесу қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекеттік қолдау шаралары аясында қажетті көмек көрсетуді қамтамасыз етуді әрі қарай жалғастыру тапсырылды.
3 - 4 қазан күндері Астана қаласында Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Елорда тұрғындары мен қонақтарына өңірде өндірілген 200 тоннадан астам өнім ұсынылуда.
Жәрмеңке Қарқаралы-1 тас жолы бойындағы «Ипподром» алаңында ұйымдастырылған. Оған Ақтөбе облысының 12 ауданы мен Ақтөбе қаласынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші және қайта өңдеу кәсіпорны қатысуда.
Сауда сөрелеріне 75 тонна ет, 44,4 тонна картоп пен көкөніс, 11,7 тонна сүт өнімі, 24 мың дана жұмыртқа, 3,5 тонна балық, сондай-ақ шұжық, ұн және ұн өнімдері, кондитерлік өнімдер, сусындар мен басқа да тауарлар қойылған.
Жәрмеңкедегі өнімдер Астана қаласының нарықтық бағасынан 15–20%-ға төмен бағамен сатылуда. Бұл елорда тұрғындарына сапалы отандық өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
«Бүгін жоспарға сәйкес Ақтөбе облысынан Астана қаласына жәрмеңкеге келдік. Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордаға 200 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін жеткіздік. Оның ішінде ет, сүт өнімдері мен көкөністер бар. Облысымызда асыл тұқымды мал шаруашылығына басымдық берілгендіктен, сиыр етінің сапасы жоғары. Елорда тұрғындары мен осында тұратын жерлестеріміз Ақтөбе етін асыға күткен екен. Жәрмеңкеге келушілердің көңіл-күйі көтеріңкі, өнімдерімізге ризашылығын білдіріп жатыр»,– деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Алжанов.
Жәрмеңкеге жеткізілген ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Айбек» ет комбинатында мал сою жұмыстары жүргізіліп, 150 бас ірі қара, 50 бас жылқы және 200 бас қой сойылған. Дайын ет өнімдері Астана қаласына жеткізілді.
«Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Ақтөбедегі «Айбек» ет комбинатында мал сою жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 150 бас ірі қара, 50 бас жылқы және 200 бас қой сойылып, сапалы ет өнімдері Астана қаласына жеткізілді. Бүгінде елордамызда жәрмеңке өтіп жатыр. Жерлестеріміз, ақтөбеліктер келіп, өнімдерімізді қуана сатып алуда. Жәрмеңкенің ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалаймыз»,
– деді «Реймқұл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұлов.
Жәрмеңкеде өңірдің қайта өңдеу кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнімдері де кеңінен ұсынылған. Атап айтқанда, «Айс+» және «Агрофирма Тау» кәсіпорындарының сүт өнімдері, «Шыңғыс» және «Абылай» шаруа қожалықтары мен «Шекшек Ата» ауыл шаруашылығы кооперативінің қымыз, шұбат және ешкі сүті сатылуда.
Сонымен қатар «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» және «Рамазан» кәсіпорындарының ұн және макарон өнімдері, «АТК «Айбек», «Степное», «Рокос» кәсіпорындарының ет консервілері мен шұжық өнімдері, жылыжай шаруашылықтарының көкөністері және басқа да тауарлар ұсынылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өндірілген өнімдер де жәрмеңке сөрелерінен орын алған.
Өңір басшысы ауыл тұрғындарымен елді мекеннің тазалығы мен абаттандырылуы, сондай-ақ ауыл аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелесті.
Қоршаған ортаға ұқыпты қарау және туған ауылды абаттандыруға барша тұрғынның атсалысуының маңыздылығын атап өтті.
«Ауылдың тазалығына әр адам жауапкершілікпен қарауы керек. Ой таза болса, айналамыз да таза болады. Мұны өскелең ұрпақ, жастар көріп, үлгі алады. Бүгінде ауылдарымызда аябақтар мен түрлі нысандар салынып, жаңа асфальт төселуде. Мұның барлығы – Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар. Игі шараларды ауызбіршілікпен әрі қарай жалғастыруымыз керек»,
– деді Асхат Шахаров.
Айта кетейік, облыс аумағында екі айлық тазалық және абаттандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Оның аясында елді мекендерді тазалау және қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Желтау ауылдық округінің құрамына бір елді мекен – Петропавл ауылы кіреді. Мұнда 636 аула бар, 2,5 мыңнан астам адам тұрады.
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданына қарасты Жайсаң ауылында ұзақ жыл бос тұрған ғимарат қайта жаңғыртылып, балабақша ретінде пайдалануға берілді.
Жеке кәсіпкер Гүлжанат Тасмағамбетова 14 жылдан бері бала психологі болып жұмыс істейді. Балалармен жұмыс істеудегі көп жылғы тәжірибесі оны жеке кәсіп ашуға жетелеген.
Кәсіпкер өз қаражатына бұрынғы кеңшар ғимаратын толық жөндеуден өткізіп, айналасын абаттандырып, мектепке дейінгі ұйымға бейімдеген.
«Айлин» балабақшасы - Жайсаң ауылында ашылған алғашқы жекеменшік мектепке дейінгі ұйым. Екі қабатты ғимарат қолданыстағы талаптарға сай жабдықталған. Мұнда балалардың білім алып, тәрбиеленуіне қажетті жағдай жасалған. Акт залы, педагог-психолог және педагог-дефектолог кабинеттері, тұзды шахта, медициналық кабинет бар.
Қазір балабақшада үш топта 60 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Балабақшаның ашылу салтанатына Мәртөк ауданының әкімі Нұржан Мақсатов қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа әлеуметтік нысанның іске қосылуымен құттықтады.
«Ауылдағы әлеуметтік нысандардың көбеюі тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, балалардың мектепке дейінгі тәрбиесі мен біліміне жағдай жасау маңызды. Жаңа балабақша ата-аналар үшін қосымша мүмкіндік ұсынып, балалардың сапалы тәрбие мен білім алуына жағдай жасайды», - деді аудан әкімі.
Жайсаң ауылында 791 аула бар, 3100-ден астам адам тұрады. Бұған дейін ауылда бір мемлекеттік балабақша жұмыс істеп келген.
Ақтөбе облысында мүгедектігі бар адамдар үшін оңалтудың техникалық құралдары мен әлеуметтік қызметтерді алу мүмкіндіктері кеңейтілуде. Жаңа бағыттардың бірі – оңалту құралдарын уақытша пайдалануға беру, сондай-ақ оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша пилоттық жобаның іске қосылуы.
Жоба 2026 жылғы 1 шілдеден басталды. Техникалық оңалту құралдарын уақытша беретін пункт Ақтөбе қаласы Бөкенбай батыр көшесі №133/1 мекенжайында орналасқан.
Жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдар қажетті техникалық құралдар мен қызметтерді Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алады. Олардың қатарында протездік-ортопедиялық және сурдологиялық көмек, тифлотехникалық құралдар, кресло-арбалар, санаторийлік-курорттық емдеу, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтері, сондай-ақ міндетті гигиеналық құралдар бар.
Қажетті құралдар мен қызметтерді Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ЭЦҚ немесе QR-кодтың көмегімен өз бетінше рәсімдеуге болады. Ол үшін қажетті техникалық оңалту құралын немесе қызмет түрін, жеткізушіні таңдап, тапсырыс беру қажет.
Әлеуметтік қызметтер порталын пайдалану бойынша кеңесті 1414 бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұру мүмкіндігін арттыру мақсатында облыста «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қызмет 155 автокөлік арқылы көрсетіледі.
«Green Vitamin» компаниясы Ақтөбе нарығында 2016 жылдан бері жұмыс істейді. 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын өздері өсірген бидайдың жас өскіндерінен 100 пайыз табиғи витграсс шырынын өндіреді.
Шырын хлорофилл, дәрумендер мен минералдарға бай. Дұрыс тамақтану мен табиғи өнімдерді тұтынуға деген қызығушылықтың артуы мұндай өнімдерге сұранысты арттырып отыр.
Бүгінде Ақтөбеде өндірілген өнім Қазақстанның барлық облыс орталығында сатылады. Кәсіпорын ішкі нарықпен қатар экспорттық бағытты да дамытуды қолға алған. Қазір өнім Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктеріне, оның ішінде Дубайға экспортталады. Келесі бағыт – Беларусь нарығы. Қазіргі уақытта компания өнімді аталған елге шығару мүмкіндігін пысықтап жатыр.
Кәсіпорын жұмысымен Ақтөбе облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков танысты.
Өңірде мұндай өндірістердің дамуы отандық өнім түрлерін көбейтуге, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін арттырып, қазақстандық өнімнің жаңа нарықтарға шығуына жол ашады.
«Қазгидромет» мәліметінше, алдағы күндері Ақтөбе облысында ауа райы күрт суытады.
3–4 қазанда жаңбыр мен қар жауады. 3 қазан күндіз және 4 қазан тәулік бойы облыстың батысы мен солтүстігінде қатты жауын-шашын күтіледі.
3–5 қазанда желдің екпіні 15–20 м/с болады. 3–4 қазанда облыстың оңтүстігі мен шығысында, 5 қазанда солтүстігі мен шығысында екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді.
4 қазанға қарай күндіз ауа температурасы +2…+7 градусқа дейін төмендейді. Сол түні облыстың батысы мен солтүстігінде 5 градусқа дейін аяз күтіледі.
Ақтөбе қаласында: 3–4 қазанда жаңбыр мен қар, 3–5 қазанда 15–20 м/с жел күтіледі. 2 қазанда күндіз +13…+15 градус болса, 3 қазанда күндіз +6…+8, түнде +2…+4 градусқа дейін суытады.
Тұрғындарды ауа райын ескеріп, жолда абай болуға шақырамыз.
Ақтөбеде инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесі талқыланды
Ақтөбеде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың жаңа тәсілдері таныстырылды. Өңірде инклюзивті сүйемелдеу кабинеттерінің саны 69-ға жетіп, биыл олардың 20-сы 10 мектепте ашылды.
№40 орта мектепте инклюзивті білім беруді дамытуға арналған халықаралық конференция өтті. Жиынға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, педагогтер, арнайы педагогтер, психологтер, білім беру ұйымдарының басшылары және Қазақстан мен шетелден келген сарапшылар қатысты.
Конференцияда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, нейропсихологиялық әдістерді қолдану, білім беру ортасының қолжетімділігін арттыру және халықаралық тәжірибені енгізу мәселелері талқыланды.
Іс-шараға «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілі Ақбота Садмет, инклюзивті білім беру саласының сарапшысы, Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназиясының директоры Сауле Теменова, Түркиядағы Гази университетінің доценті Махмут Читил, сондай-ақ нейропсихологтер мен коррекциялық педагогика мамандары қатысты.
Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева өңірде инклюзивті білім беруді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Біздің басты міндетіміз — әр баланың қажеттілігін уақытылы анықтап, оған қажетті педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету. Әрбір бала мектепке келген кезде өзін қауіпсіз сезініп, өзінің маңызды екенін және қоғамның толыққанды мүшесі екенін түсінуі керек», — деді басқарма басшысы.
Бүгінде Ақтөбе облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 9 867 бала бар. Оның ішінде 3 292 бала мектепке дейінгі жаста болса, 5 446-сы мектеп жасында. Арнайы білім беру ұйымдарында 152 бала оқиды.
Өңірде ерекше балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін 33 арнайы ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, арнайы мектептер мен балабақшалар, оңалту орталығы және аутизмі бар балаларды қолдау орталығы бар.
Сонымен қатар мектептердің өзінде инклюзивті сүйемелдеу кабинеттерін ашу жұмысы жүргізілуде. Қазір облыста 69 кабинет жұмыс істейді. Биыл «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен Ақтөбедегі 10 мектепте 20 кабинет іске қосылды.
Бұл кабинеттерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға мектептен шықпай-ақ психологиялық-педагогикалық және түзету көмегін алуға мүмкіндік жасалған.
Инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында арнайы түзету мектебінің жанынан 150 орындық қосымша ғимарат салынды. Бір арнайы мектеп пен бір арнайы балабақша күрделі жөндеуден өтті.
Аутизм спектрі бұзылыстары бар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 1 400 GPS-трекер сатып алынды.
Кадр даярлау бағыты да күшейтілуде. Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінде «Логопед-дефектолог» мамандығы ашылып, мамандарды даярлау басталды. Қазіргі таңда облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен 1 358 педагог пен маман жұмыс істейді. Оның ішінде 397 арнайы педагог және 409 педагог-ассистент бар.
Биыл ата-аналарға балалармен жұмыс істеудің заманауи психологиялық-түзету әдістерін үйретуге бағытталған арнайы курстар ұйымдастырыла бастады. Сонымен қатар өңірде 300 орындық жаңа арнайы балабақшаны пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ақтөбеде түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын зерттеуге арналған халықаралық ғылыми конференция өтіп, онда қазақтың батырлық эпосы «Қобыланды батыр» жырын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізу мүмкіндіктері талқыланды.
«Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында: «Қобыланды батыр» жыры» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Ресей Федерациясынан келген белгілі ғалымдар қатысты.
«Қобыланды батыр» – қазақтың батырлық эпосындағы маңызды шығармалардың бірі. Ғасырлар бойы ауызша дәстүр арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жырдың бірнеше нұсқасы сақталған. Ғалымдардың пікірінше, эпос қазақ халқының тарихи жадын ғана емес, түркі халықтарына ортақ эпикалық дәстүрдің сабақтастығын да көрсетеді.
Конференция барысында жырдың тарихи-мәдени құндылығы, мәтіндік және тілдік ерекшеліктері, эпостың әртүрлі нұсқалары, оның түркі халықтарының фольклорындағы орны сөз болды. Сондай-ақ ұлттық мұраны заманауи мәдени кеңістікте дәріптеу және халықаралық деңгейде таныту мәселелеріне назар аударылды.
Басқосудың маңызды бағыттарының бірі – «Қобыланды батыр» эпосын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізуге қатысты ғылыми және мәдени негіздерді талқылау болды. Бұл бағытта эпостың тарихи сабақтастығы, халық жадындағы орны және түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасындағы маңызы қарастырылды.
Халықаралық конференция аясында эпостанушылар, фольклортанушылар, тілтанушылар мен әдебиеттанушылар ғылыми баяндамалар жасап, «Қобыланды батыр» жырына қатысты зерттеулерін ортаға салды.
Ғылыми жиын түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және халықаралық деңгейде насихаттау бағытындағы пікір алмасу алаңына айналды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров «Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында: «Қобыланды батыр» жыры» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысушы ғалымдармен кездесті.
Жүздесуде облыс әкімі халықаралық конференцияға арнайы келген ғалымдарға ризашылығын білдірді.
«Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Ресей Федерациясының Башқұртстан мен сонау Саха елінен келген ғалымдардың бір ортада бас қосуы — халықтарымыздың ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі ғылыми ынтымақтастықтың маңызын айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі өркениетінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау, оны келешек ұрпаққа аманат ету қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Мұндай мұраны зерделеу — тарихи жадымызды жаңғыртып қана қоймай, түркі халықтарының ортақ болмысы мен рухани байланысын нығайтатын маңызды бағыт. Конференция тақырыбына арқау болған «Қобыланды батыр» жырының Ақтөбе өңірі үшін орны ерекше. Батырдың мәңгілік мекені — мемориалдық кешен, Нұрпейіс Байғанин бастаған жыршылық дәстүр — өңірдің тарихи-мәдени болмысымен біте қайнасқан рухани құндылықтарымыз. Конференция осы бағыттағы ғылыми ізденістерді жаңа деңгейге көтеріп, отандық және шетелдік зерттеушілердің тәжірибесін тоғыстыруға мүмкіндік береді деп сенемін. Сіздердің еңбектеріңіз, соның ішінде «Қобыланды батыр» эпосын түрлі тілдерге аударып, әлемдік оқырманға таныту жолындағы жұмыстарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін», — деді облыс әкімі.
Кездесуде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжехан Матыжанов «Қобыланды батыр» жырын халықаралық деңгейде зерттеудің маңызына тоқталды.
«Алтын Орда дәуіріндегі эпостық дәстүрдің ең озық үлгілерінің бірі — «Қобыланды батыр» жыры. Осы мұраны ғылыми тұрғыдан жаңаша зерделеп, халықаралық деңгейге көтеруді мақсат еттік. Бұл жұмыстағы басты тірегіміздің бірі — Ақтөбе елі. Қобыланды батырдың тарихи тұлғасы мен рухани мұрасы осы өңірмен тығыз байланысты. Соның алғашқы нәтижелерінің бірі — жырдың 29 нұсқасын қамтыған жеті томдық ғылыми басылымның жарық көруі. Бұл — Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан ауқымды еңбек. Бұдан бөлек екі жыл бұрын қазақ эпостарының бірқатарын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра бағдарламасы аясында таныту бағытында жұмыстар басталды. Солардың қатарында «Қобыланды батыр» жыры да бар. Қазір бұл мәселе ЮНЕСКО аясында қаралуда. Конференцияға түркі дүниесінің жиырмаға жуық ғалымының қатысуы — Қобыланды батыр тұлғасының ортақ тарихи-мәдени маңызын көрсетеді. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстанның жетекші эпостанушыларының бас қосуы жырды халықаралық эпостану ғылымының жаңа жетістіктері негізінде қайта зерделеуге жол ашады. Кеңестік кезеңде эпосты зерттеудің белгілі бір шектеулері болды. Ендігі міндет — халықаралық эпостану ғылымының жаңа әдістерін пайдалана отырып, «Қобыланды батыр» жырының зерттеу аясын кеңейту және оның әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын айқындау», — деді академик.
Сондай-ақ ол Қобыланды батыр мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өткен жылы ақтөбелік театр ұжымының Париж төрінде қазақ эпосы негізінде сахналаған спектакльдің қойылуы — жырдың әлемдік мәдени кеңістікке жол тартқанын айғақтайтын маңызды қадам екенін атап өтті. Сөз соңында Кенжехан Матыжанов облыс әкіміне ризашылығының белгісі ретінде Абайдың академиялық толық шығармалар жинағын тарту етті.
Кездесуде Саха (Якутия) Республикасының мемлекеттік Мәжілісі (Ил Тумэн) төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Александр Жирков та сөз сөйледі. Ол «Қобыланды батыр» эпосын саха тіліне аударған.
Жиын соңында облыс әкімі Асхат Шахаров ғалымдарға мазмұнды пікірлері мен құнды ұсыныстары үшін алғыс білдіріп:
«Алдағы уақытта да тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу және кеңінен насихаттау бағытындағы бастамаларды барынша қолдаймыз. Елдеріміз арасындағы ғылыми және мәдени байланыс нығая берсін», — деп сөзін қорытындылап, ғалымдармен естелік суретке түсті.