Өңір басшысының айтуынша, бұл жетістікке ерекше мән беретін жайт – Мемлекет басшысының Жарлығымен биылғы жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы. Ұлттық құрылтай отырысында Президент қоғамда адал азамат – еңбекқор, жауапты, әділетті азамат бейнесін қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Асхат Шахаров мұндай жетістіктер елдің экономикалық қуатын қалыптастыратын еңбек адамының беделін нығайтуға сеп болатынын айтты.
«Бұл жетістіктің артында тек металл, сандар мен жабдық қана тұрған жоқ, ең алдымен, бұл – біздің адамдар! Қазхром металлургтерінің кәсібилігі, жанкештілігі мен өз ісіне деген сенімі мүмкін емес дүниені мүмкін етті. Бұл рекорд – нағыз технологиялық жеңіс! Бұл – жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ERG өз көшбасшылығын, тұрақтылығын және өсу әлеуетін көрсетіп отырғанының жарқын белгісі», - деді ERG S.a.r.l. Директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директор Шухрат Ибрагимов.
Рекорд тәуелсіз сарапшылар, WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) өкілдері, метрологиялық қызмет және техникалық комиссия қатысуымен тіркелді. Металлды өндіруден бастап, оны салқындату, өлшеу мен құжаттауға дейінгі барлық кезеңдер ресми түрде тіркеліп, сертификатталған өлшеу құралдарымен расталды.
«Біз ауыр өнеркәсіп саласындағы рекордтарды сирек тіркейміз, сондықтан бүгінгі жетістік ерекше бағалы. Бұл оқиға тек бір зауыттың ғана емес, бүкіл Қазақстанның технологиялық беделіне қосылған үлес және елдің өнеркәсіптік әлеуетінің мойындалуы», - деді WBR Азия және Африка елдері бойынша бас офицері Қуандық Құдайбергенов.
Марапаттау рәсімі Ақтөбе ферроқорытпа зауытының Құрмет тақтасының ашылуымен қатар өтті.
«Әрбір өндірісіміз – бұл командалық жұмыс пен жоғары жауапкершілік. Бірақ сол күні біз ерекше нәрсе жасап жатқанымызды сездік. Бұл рекорд – бүкіл ауысымның, бүкіл зауыттың жеңісі», - деп өз ойымен бөлісті №43 рекорд орнатқан пештің бригадирі Геннадий Кухарь.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазхром өндірісті 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға арттырып, ферроқорытпа өндірісін 1,85 миллион тоннадан асырды. Бұл – компания тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.