Ағымдағы жылдың 23 мамыр күні «Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ-нен Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында өткен «Өрт-2025» Республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуына 20 қызметкер, трактор және өрт сөндіру көлігімен қатысты. Аталған шара төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттік органдардың, жедел қызметтердің және азаматтық қорғау құрылымдарының өзара іс-қимылын үйлестіру мақсатында ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығу барысында шартты өрт ошақтарын сөндіру, адамдарды эвакуациялау, шұғыл әрекет ету және байланыс жүйелерін тексеру сияқты кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Жалпы облыс бойынша 589 адам мен 147 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, жаттығуға бес көршілес ауданның ерікті өрт сөндіру жасақтары, өрт сөндіру қызметі, жергілікті атқарушы органдар, 20982 және 6655 әскери бөлімдері, полиция, табиғи ресурстар басқармасы мен кәсіпкерлік басқармасы да белсене қатысты.
Негізгі назар дала және орманды дала өрттерін сөндіруге аударылды. Аптап ыстықта кеуіп тұрған алқаптарда шыққан өртті сумен өшіру оңай емес. Алдымен ауыр техникамен оттың жолы жыртылып, жалының таралуына тосқауыл қойылды. Ұшқын тараған аумақ қоршалғаннан кейін, қолына арнайы құрал-саймандар ұстаған жаяу сарбаздар іске кірісті.