Шара барысында қатысушыларға байқау талаптары таныстырылып, биылғы жылғы жаңашылдықтармен бөлісілді.
Кездесуге ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі,Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумова арнайы қатысып, жастармен ашық форматта пікір алмасты.
Кездесу барысында биылғы «Jas Keñes Sıylığı» сыйлығының маңызы мен жаңашылдықтары таныстырылып, жастарға 10 түрлі номинация бойынша қатысу мүмкіндіктері түсіндірілді. Жастар өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Динара Наумова:
-«Менің бұл жолғы сапарым – жастармен жүздесіп, “Jas Keñes Sıylığı” жобасының маңызын жеткізу үшін ұйымдастырылды. Өйткені дәл осы залда отырған жастар – ертеңгі жеңімпаздар қатарынан табылуы әбден мүмкін. Барша қатысушыларға сәттілік пен шабыт тілеймін!»,-деді ол.
Алимбек Туралиев, Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
-““Jas Keñes Sıylığı” – бұл жас буынның еңбегі мен ізденісін бағалайтын, таланты мен табандылығын тануға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан барша жасты осы мүмкіндікті мүлт жібермей, белсенділік танытуға шақырамын”,-деді ол.
Облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин:
-«Бұл – жастар үшін зор мүмкіндік. Біз ақпараттандыру жұмыстарын жалғастырып, мүмкіндігінше көп жасқа осы жобаның мәні мен мақсатын жеткізуге тырысамыз. Себебі біздің жастар – белсенді әрі әлеуеті жоғары.»,-деді ол.
Айта кету керек,биылғы жылы номинациялар саны 7-ден 10-ға дейін кеңейтілді. Сыйлыққа үміткер болу үшін Қазақстан Республикасының 35 жасқа толмаған (35 жас қоспай алғанда) азаматтары қатыса алады. Байқауға қатысуға өтінімді 2025 жылғы 20 маусым мен 20 шілде аралығында https://www.jas-kenes.kz/application сайтында беруге болады.
Конкурстық іріктеу 3 кезеңнен тұрады. Оның қорытындысы бойынша әр номинациядан 2 жеңімпаздан, барлығы 20 жеңімпаз анықталады. Байқаудың жүлде қоры – 20 миллион теңге (әр жеңімпазға 1 миллион теңгеден).