В Актюбинской области работают 22 центра для активной жизни людей старшего поколения

В Актюбинской области работают 22 центра для активной жизни людей старшего поколения

Ақтөбе облысында егде жастағы азаматтардың денсаулығын нығайтып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беретін 22 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді. Жобаға бүгінде 1100-ден астам тұрғын қатысады.

Өңірде бұл бағыттағы жұмыс 2021 жылы басталған. Орталықтарда зейнет жасындағы азаматтарға қызметтер тегін көрсетіледі. Жыл басынан бері мұнда 450-ге жуық түрлі іс-шара өткізілген.

Орталықтардың негізгі міндеті – аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың денсаулығын сақтауға, жаңа дағдыларды меңгеруіне және қоғаммен белсенді байланыста болуына мүмкіндік жасау.

Қатысушылар үшін дене шынықтыру және емдік жаттығулар, массаж, сауықтыру процедуралары, психологиялық тренингтер мен кеңестер өткізіледі. Шығармашылық бағытта қолөнер, сурет салу, ән-күй және би үйірмелері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, еріктілік пен қызығушылық клубтары ұйымдастырылған.

Цифрлық сауаттылыққа да көңіл бөлінеді. Мамандар егде жастағы азаматтарға eGov порталын пайдалануды, компьютер және смартфонмен жұмыс істеуді үйретеді. Бұл күнделікті қажетті қызметтерді өз бетінше пайдалануға мүмкіндік береді.

Жобаның тағы бір бағыты – ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Орталықтарға қатысатын аға буын өкілдері мектеп оқушылары және студенттермен кездесіп, ұлттық салт-дәстүр, отбасы құндылықтары мен қазақ халқының рухани мұрасы туралы тәжірибесімен бөліседі.

Осылайша, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары егде жастағы азаматтар үшін қарым-қатынас, денсаулық және жаңа білім тоғысатын ортаға айналып отыр. Өңірде бұл жұмысты одан әрі дамыту көзделген.