
Балалардың күлкісі, әндері, билері, виртуалды саяхаттары мен кітап туралы әңгімелері. Ақтөбеде өткен Халықаралық балаларды қорғау күніне жиналған облыстың жүздеген жас тұрғыны үшін мереке осылайша есте сақталды.
Мерекеге орай Өнер орталығында балалар шығармашылық ұжымдарының қатысуымен ауқымды концерт өтті. Сонымен қатар балалар мен олардың ата-аналары үшін интерактивті алаңдар мен танымдық локациялар ұйымдастырылды.
Іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты. Жас ақтөбеліктерді мерекемен құттықтаған өңір басшысы балалар елдің ең басты байлығы әрі болашағы екенін атап өтті.
«Балалар – әр отбасының бақыты және еліміздің болашағы. Біздің міндетіміз – олардың білімді, талантты әрі өзіне сенімді болып өсуіне барлық жағдай жасау. Бүгінде өңірде білім беру жүйесін дамыту, жаңа мектептер мен балабақшалар салу, балалардың шығармашылығы мен спортын қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әрбір баланың өз қабілетін ашып, армандарын жүзеге асырып, болашаққа нық сеніммен қарауы үшін мүмкіндіктер жасауды жалғастыра береміз», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Президенттің тапсырмасымен облыста білім беру саласында ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Биыл Қарғалы тұрғын алабында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 300 орындық арнайы балабақшаның құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 14 жаңа заманауи мектеп салынды, ал 2027 жылға дейін 24 білім беру ұйымы жаңғыртылады.
Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау, қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейту және өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде Ақтөбе облысында 300 мыңнан астам бала тұрады. Олардың шамамен 190 мыңы білім беру ұйымдарында оқып, спортпен, шығармашылықпен және ғылыми қызметпен айналысады.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі облыс әкімінің балалармен әңгімелесуі болды. Мектеп оқушысы Әминаға берген сұхбатында Асхат Шахаров өзінің балалық шағы, мектептегі жылдары және кітап оқуға деген сүйіспеншілігі туралы айтты.
Әкім сөзінше, сол кездегі өзге балалар сияқты ол да жазғы демалысты асыға күтетін, достарымен уақыт өткізгенді жақсы көретін және көп кітап оқыған.
«Біз ата-аналарымыз бен мұғалімдерімізді тыңдап, жақсы оқуға тырысатынбыз. Ол кезде кітап көп болмағандықтан, кітапхана ерекше орын еді. Қызықты кітаптың қашан қолға түсетінін күтіп, оны оқып, кейін бір-бірімізге мазмұнын айтып беретінбіз. Бүгінде де кітап оқу білім алып, дамудың ең тиімді жолдарының бірі болып қала береді деп ойлаймын», – деп естеліктерімен бөлісті облыс әкімі.
Асхат Шахаров оқушыларға жазғы демалысты пайдалы өткізіп, көбірек кітап оқуға және жаңа білім көкжиектерін ашуға тілек білдірді.
Жас тілшімен әңгімеден кейін облыс әкімі Өнер орталығының фойесінде ұйымдастырылған тақырыптық алаңдарды аралап көрді. Мұнда мектеп кітапханасы қорындағы балалар кітаптарының көрмесі, балаларға теңіз әлеміне виртуалды саяхат жасауға мүмкіндік берген VR-аймақ, қазақ киіз үйінің ұлттық жабдықтары қойылған экспозиция, сондай-ақ ойын және танымдық алаңдар ұсынылды.
Мерекелік атмосфераны концерт жалғастырды. Оған балабақшалар, мектептер және қосымша білім беру ұйымдарының 700-ден астам тәрбиеленушісі қатысты. Сахнада балалық шақ, достық және Отан туралы әндер шырқалып, жарқын би қойылымдары көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Халықаралық балаларды қорғау күні тағы бір мәрте бақытты балалық шақтың негізі – қамқорлық, көңіл бөлу және жан-жақты дамуға мүмкіндік жасау екенін еске салды. Ал Асхат Шахаров айтқан білімге деген сүйіспеншілік әртүрлі ұрпақты біріктіретін маңызды құндылық болып қала береді.