
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақтөбедегі «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасының көрмесін ұйымдастырып, қауіпсіздік мәселелеріне арналған профилактикалық акция өткізді.
Іс-шара барысында балалар құтқарушылардың қызметімен танысып, арнайы техника мен құтқару жабдықтарын жақыннан көрді. Мамандар ата-аналар мен балаларға өрт қауіпсіздігі талаптарын, жаз мезгілінде су айдындарында қауіпсіз демалу ережелерін түсіндіріп, сондай-ақ балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу шаралары туралы ақпарат берді.
Алынған білімді бекіту мақсатында акцияға қатысушыларға қауіпсіздік тақырыбындағы боямақтар мен арнайы магниттер таратылды. Ұйымдастырушылар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау төтенше жағдайлардың алдын алып, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.