
Ақтөбе облысының шалғай жатқан ауылдарының бірі - Бозойда жаңа білім ордасы бой көтеруде. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүзеге асырылып, құрылысшылар іргетасын қалап жатыр.
Жоба құрылысына «СДС-2012» ЖШС жауапты. Тапсырыс беруші - облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы.
Жалпы, 320 орындық жаңа мектептің құрылысы ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі болмақ. Нысан іске қосылғаннан кейін оқушылар мен мұғалімдер үшін заманауи әрі қолайлы білім беру ортасы қалыптасады.
Аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауылға жұмыс сапарында құрылыс нысанына барып, жұмыс барысымен танысты. Ол бұл мектептің ауыл тұрғындары үшін маңызы зор дейді.
«Білім саласына салынған әрбір инвестиция – келешекке жасалған нақты қадам. Бұл мектеп – бозойлықтардың көптен күткен нысаны. Сондықтан құрылыс сапасы мен мерзімі ерекше бақылауда болуы тиіс. Балаларымыздың қауіпсіз әрі заманауи жағдайда білім алуы – басты назарда», – деді Жанболат Жидеханов.
Сонымен қатар, әкім құрылыс барысында сапа талаптарын қатаң сақтау, әр кезеңге жауапкершілікпен қарау және жұмысты жүйелі жүргізу қажеттігін тапсырған.
Айтып өтейік, Бозой ауылында 1997 жылы салынған мектеп жұмыс істейді. Оқу ордасында 722 оқушыға 84 ұстаз білім береді.