70 ақтөбелік «Ақтөбе жастары» бағдарламасы арқылы баспаналы болды

70 ақтөбелік «Ақтөбе жастары» бағдарламасы арқылы баспаналы болды

Ақтөбеде 70 жас тұрғынның «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжаттары мақұлданды. Жоба жұмыс істейтін жастарды қолдауға бағытталған және облыс әкімдігінің қолдауымен төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді.

Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мәліметінше, 2026 жылы бағдарламаны іске асыруға 1 миллиард теңге бөлінген. Оның 500 миллион теңгесі - облыстық бюджеттен, тағы 500 миллион теңгесі - Отбасы банкінен қарастырылған.

Бағдарламаға 18 бен 34 жас аралығындағы, соңғы бес жылда жеке баспанасы болмаған және кемінде алты ай еңбек өтілі бар ақтөбеліктер қатыса алады.

Жоба денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, агроөнеркәсіп кешені, спорт, журналистика салаларының қызметкерлерін, сондай-ақ «Қазпошта» мамандарын, мемлекеттік қызметшілерді, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерін қамтиды.

Жыл басында үміткерлерді іріктеу жүргізіліп, оның нәтижесінде 70 адам бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда олардың 30-ы баспана сатып алып үлгерген.

Бағдарлама аясында Отбасы банкі жылдық 5 пайызбен 19 жылға дейін ипотекалық несие береді. Қарыздың ең жоғары сомасы – 15 миллион теңге. Қатысушы бастапқы жарна ретінде кемінде 20 пайыз төлеуі тиіс. Тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан алуға болады.

Бағдарлама игілігін көргендердің бірі – 26 жастағы Рауан Дербенова. Ол 15 миллион теңгеге бір бөлмелі пәтер сатып алған.

«Бағдарлама арқылы баспана алу туралы құжатымның өткеніне өте қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен қолдау әрі жеке баспаналы болуға мүмкіндік. Бастапқы жарнаға 1,5 миллион теңге төледім, ай сайын 100 мың теңгеден астам ипотека төлеймін», – дейді ол.

Тағы бір қатысушы – жедел жәрдем фельдшері Үлмекен Ағниязова. Ол 26 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер сатып алған. Оның 15 миллион теңгесі бағдарлама аясында берілсе, қалған бөлігін өзі қосқан.

«Анам және баламмен бірге тұрамын. Бұрын жеке баспанам болған жоқ. Енді кең пәтерге қол жеткіздім. Медицина саласында 14 жылдан бері жұмыс істеймін, оның алты жылы фельдшер болып еңбек еттім. Осы мүмкіндікті жіберіп алмағаныма қуаныштымын», – дейді ол.

«Ақтөбе жастары» бағдарламасы алдағы уақытта да жастардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға ықпал ете береді.