Ақтөбеде облыс әкімі тұрғындарды қабылдады

Ақтөбеде облыс әкімі тұрғындарды қабылдады

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров тұрғындарды әлеуметтік және жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау облыс әкімдігі ғимаратында өтті.

Кездесуде көтерілген сұрақтардың қатарында тұрғын үй, тұрмыстық газ бағасының өсуі, жайылым жерлер, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту мәселелері бар.

Мәселен, Ақтөбе қаласының тұрғыны тұрғын үй құрылысына қатысты түйткілді жеткізсе, Темір ауданы Кеңқияқ ауылының тұрғындары тұрмыстық газ бағасының өсуіне байланысты өтініштерін айтты.

Ал Ақтөбе тұрғыны, мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналасуға көмек сұраса, кәсіпкер өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты ұсыныстарын тізді.

Тұрғындар өз сауалдарына қанағаттанарлық жауап алды. Кейбір мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Өз кезегінде Асхат Шахаров Кеңқияқ ауылының тұрғындарына ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта да олармен ашық диалогті жалғастырып, ұсыныс-пікірлерін тыңдауға әрдайым әзір екенін алға тартты.

Қабылдаудағы өтініштер - аймақ басшысының жеке бақылауында.