Хромтау ауданында жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді

Хромтау ауданында жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді

 

Хромтау ауданында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай әлеуметтік маңызы зор жоба жүзеге асты. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жалдамалы тұрғын үйлердің кілттері салтанатты түрде табысталды.

Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Атап айтқанда, Әйтеке би көшесі, 57-үй, А корпусы бойынша 13 пәтер және Ағайынды Жұбановтар көшесі, 3-үй, Б корпусы бойынша 2 пәтер.

Осылайша, жалпы саны 15 жалдамалы тұрғын үй халық игілігіне берілді.

Салтанатты рәсімде аудан әкімі жаңа қоныс иелеріне кілттерді табыстап, баспаналы болу – әр отбасы үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті. Оның сөзінше, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Тұрғын үйлердің құрылысын «ЖарСтрой LTD» ЖШС жүргізген. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, үйлер инженерлік-коммуникациялық желілерге толық қосылған.

Әкімдік алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тұрғындарды баспанамен қамту туралы тапсырмасы аясындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатынын мәлімдеді.