
Үш жылда Ақтөбе облысында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ауқымды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 2,1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, 17 мектеп салынды, 3 ауруханаға және 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Биыл өңір экономикасына 600 млрд теңге инвестиция тартылды, металлургия, ауыл шаруашылығы және көлік саласында 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды, ауыл тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 99,2%-ға жетті, 530 шақырымнан астам жол жөнделді.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров барлық негізгі бағыт бойынша өңірде ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Жалпы, «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары 278 нысан салу және жөндеу көзделді. Қалған 30 жобаның 16-сы жыл соңына дейін аяқталады. Айта кетейін, сот процессі (4 жоба), РБ-дан уақтылы қаржы бөлінбеуі (11 жоба) және құжаттардың дайын болмауы (1 жоба) сынды негізгі себептерге байланысты, жобалар мерзімінде жүзеге асырылмауда. Қалған 14 жоба бойынша тиісті жұмыс жүргізіледі», – деді облыс басшысы.
Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев Ақтөбе облысы сайлауалды міндеттемелерді орындауда оң үрдіс көрсетіп отырғанын, алайда «AMANAT» партиясының міндеті – тек пайыздарды тіркеу ғана емес, азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді шешу екенін атап өтті.
«Облыс аумағында мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер салынып, зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақыларды индекстеу жұмысы жүргізіліп жатқанын, жаңа жұмыс орындары ашылғанын көріп отырмыз. Сайлауалды бағдарламаның әр тармағына жауапты мәслихат депутаты бекітіліп, партиялық бақылау бекеттері құрылды. Соған қарамастан, партиялық бақылауды формалды жұмыс ретінде қабылдайтын адамдар бар. Анығында, партиялық бақылау – азаматтарды қорғау құралы. Бағдарламада қамтылған әр тармақтың артында адамдардың тағдыры тұр. Әр депутат, әр әкім, әр мердігер осыны жіті түсінуге тиіс. Партиялық бақылау – жергілікті жерде күн сайын жүргізілетін жүйелі жұмыс. Егер біреу өз міндетін орындай алмайтын болса, онда партия тиісті қорытынды жасайды», – деді ол.
Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев бағдарламаның жүзеге асырылуын бақылау – формалды жұмыс емес, партияға деген сенімнің негізі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті жерлерде әр тармаққа жауапты нақты депутаттар бар. Олар оң өзгерістердің локомотивіне айналуы керек.
«Өкінішке қарай, бір қарын майды бір құмалақ шірітеді. Мәселен, бір жерде мектептің жобалау-сметалық құжаттамасын түзету жұмысыкешеуілдейді, ал енді бір жерде тас жол қабылдап алмай жатып бұзылады. Мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды», – деді ол.
«AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұловтың айтуынша, 2024 жылы 134 нысанның 110-ы пайдалануға берілді. Тағы 13 жоба жыл соңына дейін аяқталады. Бұған қоса, 11 жоба жүзеге асырылу сатысында. Олардың қатарында – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы желісі бойынша 7 мектеп, 5 медициналық пункт, Әйке ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Қарауылкелді ауылындағы өрт сөндіру депосы бар.
«Әр негізгі нысан бойынша нақты жоспар жасалып, тұрақты түрде бақылау жүргізіледі. Партиялық бақылау комиссияларының мүшелері сайлауалды бағдарламада қамтылған нысандарда 300-ден астам рейд жүргізді. Осы жұмыс қорытындысы бойынша, мемлекеттік органдарға 325 ұсыныс жолданды», – деді ол.
Отырыс қорытындысы бойынша, Комитет мүшелері депутаттар мен атқарушы орган басшыларының сайлауалды бағдарламаның тармақтарын орындаудағы дербес жауапкершілігін күшейтуді, партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын жандандыруды және барлық жоба бойынша түзетулердің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.