Ақтөбеде көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде

Ақтөбеде көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде

 

Қазіргі уақытта Жіңішке өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жалғасып жатыр. Еске сала кетсек, өткен көктемде өзен арнасынан асып, оның аумағында орналасқан саяжай учаскелеріне су басу қаупін тудырған еді. Бүгінде мердігерлер болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бөгетті тұрғызу және нығайту жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс барысымен танысты.

«ZNS Group» ЖШС директорының орынбасары Әділет Қазбановтың айтуынша, қазіргі уақытта қажетті шаралардың шамамен 80 пайызы орындалған. Бөгет құрылысы қараша айында аяқталмақ.

«Біз су басу қаупі жоғары аймақтағы бөгеттің биіктігін бес метрге дейін көтердік. Нысанның ұзындығы – 900 метр, ені – алты метр. Бөгеттің беті көктемгі су тасқынына төзімді әрі берік болуы үшін арнайы техникамен нығыздалып, тегістеліп, тастармен қаланды», – деді Әділет Қазбанов.

Дәл осы мердігерлік ұйым облыс орталығында тағы бірнеше маңызды жобаларды жүзеге асыруда. 39-разъезд маңында олар тұрғын үйлерді судан қорғау мақсатында бөгет салып жатыр. Құрайлыдағы жаңа құрылыс ауданында жаңбыр және еріген қар суын ағызуға арналған кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Шығыс ауданында бөгет құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға берілді.

Өңір басшысы Асхат Шахаров атқарылып жатқан жұмыстардың облыс орталығы мен тұрғындарды қорғауда ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, олардың сапасы мен мерзімінде орындалуына бақылау үздіксіз жүргізілетінін айтты.