Облыс әкімі азаматтарды қабылдады

Облыс әкімі азаматтарды қабылдады

Өңір басшысы Асхат Шахаров тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, олардың тұрғын үй, әлеуметтік және инфрақұрылымға қатысты өтініштерін тыңдады.

Көптеген азамат тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға пәтерлерді кезектен тыс беру көзделмегені түсіндірілді. Коммуналдық тұрғын үй қоры есебінен баспана құрылыс нысандарының пайдалануға берілуіне қарай, тек бекітілген кезек тәртібімен үлестіріледі. Кезекке тұрмаған азаматтарға тұрғын үй алу үшін есепке тұру ұсынылды.

Ақтөбеліктердің бірі, қоғам белсендісі Алтықарасу, Қараой, Сарбие және Көптогай ауылдарында (Темір және Ойыл аудандары) бұқаралық спортты, соның ішінде бокс пен футболды дамыту мәселесін көтерді. Асхат Шахаров облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына аталған елді мекендерде балалар мен жасөспірімдер секцияларын ашу және жастарды спортқа тарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Бұдан бөлек, тұрғындар қаланы абаттандыру мәселесін қозғады. Зейнеткер «Оңтүстік-Батыс-2» шағын ауданындағы жолдарды асфальттау жөнінде ұсыныс айтты. Қала әкімдігінің мәліметінше, жол жөндеу жұмыстары инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Облыс әкімі әрбір өтініш бақылауға алынатынын атап өтіп, жауапты басқармаларға көтерілген мәселелерді жан-жақты қарап, азаматтарға міндетті түрде кері байланыс орнатуды тапсырды.