Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісі барысында өңірдің жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі қаралды.
Жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Ержанов баяндама жасады. Ол биылғы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі 160 мың гектар ауылшаруашылық жерлерін мемлекеттік меншікке қайтару жоспарын бекіткенін хабарлады. Бүгінгі таңда 128,9 мың гектар қайтарылды.
«Сонымен қатар, жалпы ауданы 176,4 мың га 94 учаскені тексеру жоспарлануда. Былтырғы тексеру қорытындысы бойынша 53 учаске талаптарға сәйкес келтірілді, 4 учаске мемлекетке қайтарылды, 3 учаске бойынша айыппұл санкциялары қолданылды. Салық органдарымен де жұмыс жүргізілуде. Осылайша, үш жыл ішінде 20 учаске бойынша 22 млн. теңге сомасына салық есептелді», - деді басқарма басшысы.
Аудандардағы жайылымдық жерлерді жақсарту шеңберінде оларды басқару жоспарлары әзірленді. Бүгінгі таңда жобалар жергілікті мәслихаттарда қаралуда. Алға және Мәртөк аудандарында жайылымдар жетіспейді, қайтарылған және резервтік жерлер есебінен алаңдарды кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Су қорғау аймақтарының мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өңірде су қорының 13 мың гектар жері бар, алайда Ақтөбе қаласынан тыс жерлерде әлі күнге дейін ақпараттық жүйеге объектілерді енгізу бойынша жұмыстар жүргізілмеген. Облыс әкімі су қорғау аймақтарының шекараларын нақтылауды жандандыруды тапсырды, бұл әсіресе су тасқыны кезеңінде өзекті.
Бүлінген жерлерді қалпына келтіру мәселесі де көтерілді. 2025 жылы 535 мың гектар аумақта 4 рекультивация жобасы бекітілді. Сондай-ақ, 10 учаске бойынша жалдау мерзімі аяқталғандығы анықталды, бірақ жер мемлекеттік меншікке қайтарылмаған.
Асхат Шахаров жердің стратегиялық ресурс екенін, оны тиімді, әрі әділ пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысының дамуына септігі тиетіндігін атап өтті.
«Пайдаланылмаған учаскелерді қайтару тұрақты негізде жүргізілуі және олар ашық конкурстар арқылы тиімді пайдаланушыларға берілуі тиіс. Бұл инвестицияларды тартуға ынталандырып, жаңа жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар, инвестициялық жобалар үшін дайын инфрақұрылымды дамыту өте маңызды. Қазір бұл бағыттағы жұмыс нашар жүріп жатыр», - деді өңір басшысы.
Облыс әкімі жерді мақсатты пайдалану мониторингін күшейтуді, халықтың шағымдарына уақтылы ден қоюды, сондай-ақ барлық тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.