Биыл Ақтөбе облысының 15 ауылына модульді ветеринарлық пункт орнатылады

Биыл Ақтөбе облысының 15 ауылына модульді ветеринарлық пункт орнатылады

Облыстың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Ветеринария басқармасының 2025 жылдың І жарты жылдығында атқарған жұмыстары қорытындыланды. Басқарма басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжанов өңірде эпизоотиялық ахуал тұрақты екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында биылғы жылы 100 мыңнан астам ірі қара, 250 мыңнан астам ұсақ мал және ондаған мың жылқы мен түйе тіркелген. Олар қажетті құлақ жапсырмаларымен толықтай қамтамасыз етіліп, жоспарлы профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар уақытылы жүргізілуде. Жануарларды аса қауіпті 13 ауруға қарсы вакцинациялау жұмыстары белсенді атқарылған. Қазіргі таңда сібір жарасы, аусыл, қарасан және өзге де ауруларға қарсы екпелер жасалып, жұқпалы дерттердің алдын алу шаралары табысты іске асуда. Сонымен қатар, жыл басынан бері облыс бойынша 15 мыңнан астам қаңғыбас ит пен жүздеген мысық ауланып, олардың бір бөлігі уақытша ұстау пунктіне жеткізілді.

 - Қазіргі таңда 1563 жануар, оның ішінде 1347 ит және 216 мысық зарарсыздандырылып, екпе салынып, «Танба» ақпараттық жүйесіне енгізіліп бұрынғы мекендеу ортасына шығарылды. 2025 жылы қаңғыбас жануарларды аулау, күтіп-бағу, бірдейлендіру және стерильдеу жұмыстары үшін өңірге 100,9 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Тұрғындарға «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес жүйелі түрде әлеуметтік желілер арқылы және кездесулер барысында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, - дейді Бердімұрат Зданұлы.

Басқарма өкілінің мәліметінше, биыл салаға бөлінген қаражат есебінен 2 жылжымалы жүк көлігі шассиі негізінде, кран манипуляторы бар заманауи инсинератор сатып алынып ветеринарлық стансалардың теңгеріміне берілді. Маусым айында тағы 12 жылжымалы инсенираторға қаржы бөлінді. Сондай-ақ, 15 модульді ветеринарлық пункт сатып алынған. Қазір оларды ауылдық округтерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.