«Келешек мектептері»: Ақтөбеде тағы екі білім ордасының құрылысы аяқталуға жақын

«Келешек мектептері»: Ақтөбеде тағы екі білім ордасының құрылысы аяқталуға жақын

Құрылыс жұмыстарының барысын облыс әкімі Асхат Шахаров бағамдады.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе өңірінде білім беру инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Тамыз айында қалада тағы екі заманауи оқу орны пайдалануға беріледі.

300 орынға арналған мектептердің бірі «Саяжай-1» тұрғын ауданында салынып жатыр. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер ұйым – «Бабэк құрылыс» ЖШС. Жобаның жалпы құны – 3,53 миллиард теңге. Ал екінші – 2000 орындық ірі білім беру мекемесі – Алтын орда шағын ауданында бой көтеруде. Құрылыс жұмыстарын «BiGlobal» ЖШС жүргізуде. Жобаның құны – 9,59 миллиард теңге. Бұл мектеп Алтын орда шағын ауданындағы оқушы орындарының жетіспеушілігін шешуге бағытталған.

Облыс әкімі барлық жұмыстардың уақытында аяқталуының маңыздылығын атап өтіп, мектептердің жаңа оқу жылына толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, ішкі әрлеу сапасы, сыныптарды жабдықтау, қауіпсіздік және аумақты абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.

Бұған дейін Ақтөбеде «Келешек мектептері» стандарттары бойынша салынған екі мектеп пайдалануға берілген еді.