Ақтөбе облысының ветеринариялық қызметіне жаңа қызметтік көліктер жеткізілді. Облыстың қала және аудан деңгейіндегі ветеринариялық станциялардың мамандарына 10 жаңа автокөлік пен 2 арнайы жылжымалы инсинератор кілттері тапсырылды.
Аудандық пункттерге жол талғамайтын «Нива» көліктері берілсе, облыс орталығындағы станцияға мал өлекселерін жоюға арналған инсинераторлар сатып алынды. Жаңа техникалар шалғай елді мекендердегі ветеринариялық қызметтің сапасы мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Қызметтік көліктермен қамтамасыз ету арқылы эпизоотиялық жағдайларды бақылау және алдын алу шаралары жедел жүзеге асырылады.
«Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында өткен Ветеринария қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов қатысып, құттықтау сөз сөйледі, ветеринария саласының өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Көлік кілттері салтанатты түрде табысталды.
Бүгінде облыстағы 142 ветеринариялық пункттің 105-інде қызметтік көлік бар. Қалған 36 ауылдық округті келесі жылы техникамен жабдықтауды жоспарланып отыр. Сонымен қатар, барлық ветеринариялық станция мамандары планшеттермен қамтамасыз етілген. Бұл – құжат айналымын толықтай цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қоса, былтыр облыста 11 ветеринариялық пункт салынса, биыл тағы 15 нысанның құрылысы жоспарланған. Бұл мақсатқа 247 миллион теңге қарастырылған.
Көлік кілттерін табыстағанға дейін облыс әкімдігінің мәжіліс залында мерекелік жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов шарада ветеринария саласының дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар маманды марапаттады. Атап айтқанда, Дархан Тойлыбаев – «Еңбек ардагері» төсбелгісін, Иса Базаров – «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін, ҚР Мақсот Өмірзақов пен Фарида Жалғасбаева – Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын иеленді.
Сондай-ақ, облыстың барлық аудан-қалаларынан келген 50-ден астам маман Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында мал дәрігерлері, фельдшерлер, пункт меңгерушілері мен эпизоотолог мамандар бар.
«Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы» РММ басшылығы да сала мамандарына көрсеткен адал еңбегі үшін ризашылығын білдірді.
Іс-шара естелік суретке түсумен қорытындыланды.