2025 жылғы 29 мамырда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Отбасы – тәрбие бастауы» онкүндігі аясында «Салауатты ұрпақ – ұлт байлығы» атты III Халықаралық форум өтті.
Іс-шараның мақсаты - жаһандық өзгерістер жағдайында жастарға сапалы білім беру мен психологиялық қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған тиімді стратегиялар мен шешімдерді ұсыну.
Ауқымды шараға жоғары санатты психолог мамандар, ЮНЕСКО, ИСЕСКО, БҰҰ, жастар саясаты салалары сарапшылары, Ұлттық комиссия, жергілікті басқарма және құқық қорғау органдары өкілдері, сонымен қатар еліміздің 15-ке жуық жоғары оқу орындарынан және Өзбекстан, Ұлыбритания елдерінің университеттерінен ғалымдар қатысты.
Университет ректоры, форум модераторы Лаура Қарабасова қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл шара өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты әрекеттерге бастайтын алаң екенін атап өтті.
Пленарлық мәжілісте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы жастарға уақытында психологиялық көмек көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі уақытта жастардың психологиялық денсаулығы – қоғамымыздың өзекті мәселелерінің бірі. Түрлі әлеуметтік, отбасылық, жеке мәселелер – мұның барлығы жастардың менталдық денсаулығына әсер ететіні сөзсіз. Психологиялық қолдау – бұл тек емдеу немесе кеңес беру емес, ол – сенім қалыптастыру, әрбір жасқа өзінің жалғыз емес екенін сезіндіру. Біз жастарымызға уақтылы қолдау көрсете білсек, олардың өмірлік жолын жеңілдетіп, табысты болашағына жол ашамыз», - деді ол.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Төрағасының орынбасары, саясаттанушы Жұлдызай Искакова Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Ұлттық комиссия көтерген бастамаларға тоқталды.
«Балалар мен жастардың қауіпсіздігіне әсер ететін факторлар әрдайым басты назарда. Атап айтқанда, әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және суицидтің алдын алу бағытында нақты бастамалар жүзеге асырылуда. Жастардың сапалы білім алуы мен тәрбиесі – мемлекет пен ата-ананың ортақ жауапкершілігі. Сонымен қатар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара үйлесімді іс-қимылды жолға қоюымыз қажет», – деді ол.
«AMANAT» партиясы хатшысы, партияның әйелдер қанатының төрайымы, Ұлттық комиссия мүшесі Шолпан Каринова жастарға бағыт-бағдар берудің маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі ақпарат ағыны, жаһандық тұрақсыздық, әлеуметтік желілердің ықпалы – бәрі жастарға елеулі қысым түсіреді. Сондықтан біз олардың ішкі әлеуетін дамытатын орта қалыптастыруымыз керек. Сонда жастар кез келген қиындыққа дайын болады», – деді ол.
Сонымен қатар жиында КИМЭП университетінің психология профессоры, магистратура және ғылыми зерттеулер жөніндегі деканның орынбасары, доктор Херман Гроблер жаһандық өзгерістер жағдайында жастардың психологиялық денсаулығын сақтау және жүйелі қолдау тетіктері туралы ой-пікірін ортаға салды.
Форум аясында сондай-ақ сараптамалық пікірталастар өтіп, жастардың психикалық денсаулығын қорғау, білім беру жүйесін заманауи талаптарға бейімдеу және тәуекелдерді басқару стратегиялары ұсынылды.