«Ақтөбе – тарының астанасы»: гастрофестиваль өңірдің гастрономиялық брендін нығайтып, мыңдаған қонақты жинады

«Ақтөбе – тарының астанасы»: гастрофестиваль өңірдің гастрономиялық брендін нығайтып, мыңдаған қонақты жинады

 

25 мамыр күні Ақтөбе қаласының орталығында өңірдің символы – тары өніміне арналған «Ақтөбе – тарының астанасы» атты гастрофестиваль сәтті өтті. Мыңнан астам қонақ, оның ішінде туристер, қала тұрғындары мен облыс аудандарынан келген қатысушылар ұлттық тағамдар, дәстүрлер мен гастрономиялық инновациялар тоғысқан ерекше атмосферада бас қосты.

Фестивальдің негізгі мақсаты – тарыны мәдени мұраның бір бөлігі және жергілікті бренд ретінде насихаттау. Ақтөбе облысында ежелден өсірілетін бұл дәстүрлі дақыл Батыс Қазақстанның тарихы мен асханасында ерекше орын алады.

Фестиваль қонақтары дәстүрлі рецептерден бастап фьюжн стиліндегі авторлық интерпретацияларға дейін тарыдан жасалған 50-ден астам тағамның дәмін татып көрді. Айрықша танымал болған – тары шайы, қанық дәмі мен пайдалы қасиеттерімен ерекшеленетін, қазақ даласында ғасырлар бойы тұтынылған дәстүрлі сусын. Сонымен қатар, шеберлік сағаттары, қолөнер жәрмеңкесі мен дәм тату аймақтары фестивальдің гастрономиялық мазмұнын толықтырып қана қоймай, жергілікті фермерлер мен қолөнершілерге өз өнімдерін ұсынуға мүмкіндік берді.

Ерекше назар тарының жоғары өнімділігі бойынша әлемдік рекорд орнатқан көрнекті агроном Шығанақ Берсиевтің туған өлкесі – Ойыл ауданының қатысуына аударылды.Қонақтар аудандық мұражайдан әкелінген бірегей экспонаттарды тамашалап, тары өсіру тарихымен, оның рухани және мәдени мәнімен танысты. Тарыны өңдеудің дәстүрлі әдістері көрсетіліп, театрландырылған қойылымдар ұсынылды – бұл фестивальді тек дәмді емес, сонымен қатар танымдық шараға айналдырды.

Фестивальді ұйымдастырған – Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімі. Бөлімнің аталған іс-шараны өткізудегі негізгі мақсаты – өңірдің мәдени дәстүрлерін қайта жаңғырту ғана емес, сонымен қатар гастрономиялық туризмді дамыту, шағын бизнесті қолдау және Ақтөбені ұлттық асхананың маңызды орталықтарының бірі ретінде таныту.

Фестиваль аясында сарапшылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Онда тары өсіру дәстүрлерін қайта жандандыру, оның пайдалы қасиеттерін насихаттау және тарыны өңірлік бренд ретінде дамыту мәселелері талқыланды.

«Ақтөбе – бұл тек индустриялық және мәдени орталық қана емес, сонымен қатар ұлттық тағам дәстүрлерін белсенді дамытып жатқан өңір. Біз тарының – жергілікті өнім ретінде – қонақжайлық пен жеріміздің байлығының символына айналып келе жатқанына мақтанамыз», – деді Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев.

Фестиваль аймақтың мәдени және гастрономиялық мұрасын кеңінен танытатын маңызды алаңға айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы жылдары дәстүрлі жыл сайынғы шара ретінде жалғасын тауып, географиясын кеңейтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен және жақын шет елдерден қонақтарды тартуға бағытталмақ.