Көлік инфрақұрылымын жаңарту: Ақтөбе облысында теміржол вокзалдары қайта жаңғыртылады

Көлік инфрақұрылымын жаңарту: Ақтөбе облысында теміржол вокзалдары қайта жаңғыртылады

Ақтөбе облысындағы Ақтөбе, Қандыағаш, Жем, Шалқар, Алға, Қарауылкелді, Шұбарқұдық вокозалдары күрделі жөндеуден өтеді. Жөндеу кезінде жолаушылар платформасы қайта жаңғыртылады.
Қаланың бас қақпасы саналатын Ақтөбе вокзалы 1976 жылы салынған. Алты қабатты ғимараттың жалпы ауданы — 7235,8 шаршы метр. Қазіргі таңда вокзал екі миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Жарты ғасырға жуық тарихы бар нысан енді қайта жаңартылады. Құрылыс жұмыстары басталды. Мердігер мекеме бекітілді. Жалпы, аталған вокзал соңғы рет 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен. Жоспар бойынша вокзалдың сыртқы қасбеті, ішкі инженерлік желілері қайта ауыстырылады. Сондай-ақ терроризмге қарсы, өрт қауіпсіздігі, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары желтоқсан айында аяқталатын болады.
Бас мердігер «Ақтөбеспецстрой» ЖШС директоры Ануар Талдықбаев қазіргі таңда құрылыстың басталғанын айтты. Отыздан астам техника мен құрылысшылар іске кіріскен. Жөндеу жұмысы жолаушыларға кедергі келтірмейді.
— Бұл жобалар EPC келісім шарты бойынша жасалады. Яғни жобалық- сметалық құжаттар мен құрылыс жұмыстары бірге жүреді. Әрбір мердігер мекемеге жобалаушы қандай жұмысты істеу керектігін қағаз түрінде беріп тұрады. Ал құрылыс аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін ғана жобаның құны анықталады, — дедіоблыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.
Сондай-ақ вокзалдар қайта жаңарған кезде мүмкіндігі шектеулі адамдар да ғимаратқа еркін кіріп, шыға алады. Ыңғайлы пандустар орнатылады. Күту, тынығу бөлмелері мен кассалар, анықтама бюросы мен дәріхана және өзге де қызмет көрсету орындары мүгедек арбасын пайдаланатын адамдарға ыңғайлы болмақ.