Ақтөбеде Судьялар одағының ХІ Спартакиадасының аймақтық кезеңі басталды

Ақтөбеде Судьялар одағының ХІ Спартакиадасының аймақтық кезеңі басталды

Аймақтық кезең жеңімпаздары биылғы жылдың 26-27 қыркүйегінде Шымкент қаласында өтетін республикалық финалда қатысуға жолдама алады. 

Бүгін Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Судьялар одағының ХІ Спартакиадасының аймақтық кезеңі ресми түрде ашылды. Аталған іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық сот төрағасы Айдарбек Смағұлов, облыс прокуроры Марат Әбішев, сот жүйесінің қызметкерлері мен құрметті қонақтар қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ, спартакиада маңызына тоқталып, судьялар мен құқық саласының қызметкерлері қоғамға тек заң шеңберіндегі әділдік арқылы ғана емес, өмір салты, тәртібі мен өнегесі арқылы да үлгі көрсетуі тиіс екенін тілге тиек етті. Жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. 

Жарысқа Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының командалары бақ сынауда. Олар 23 мен 24 мамыр күндері шағын футбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, теннис және басқа да спорт түрлері бойынша жүлделі орындарды бөліседі.