Ақтөбе облысында 2028 жылға дейін бірден төрт су қоймасын салу жоспарланып отыр. Екі су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр, қалған екеуі келесі жылы әзірленеді.
Былтыр елімізде «Қазақстан Республикасының су шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары» қабылданған болатын. Жоспар су ресурстарын сақтау, суару кезінде суды үнемдейтін технологияларды қолдану, су ресурстарын пайдалану кезінде ысырап болуына жол бермеу, елдегі барлық гидротехникалық құрылыстарды көпфакторлық зерттеу, жер асты су көздерін барлау, су тасқынынан қорғау сынды бірнеше негізгі мақсаттарды көздейді.
Кешенді жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқан зерттеулер мен жұмыстар Ақтөбе облысына да әсер етеді. Біздің өңірде Елек, Ембі, Ойыл, Сағыз өзендерінің арналарын тазарту жұмыстары қарастырылған. Сонымен қатар, төрт су қоймасын салу және тағы екеуін қайта жаңғырту жоспарланып отыр. 87 гидротехникалық құрылыс көпфакторлы зерттеуден өтіп, суармалы алқаптар су үнемдейтін технологияларды қолданудың арқасында 41 мың гектарға ұлғаяды. Жаңа әдістер енгізілсе су 20-30% үнемделіп, суды пайдалану өнімділігін 2-2,5 есеге арттыру мүмкін болады.
Бұдан бұрын атап өткендей, биыл екі су қоймасы, 2026 жылы тағы екеуін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Ақтөбе облысының мәслихаты құжаттаманы әзірлеуге 134 млн теңге бөлді. Алғашқы екі су қоймасының құрылысы жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін басталады. Бірінші су қоймасы Жаман Қарғалы өзенінде, екіншісі Хромтау ауданындағы Ор өзенінде салынады деп жоспарлануда.
Жоспарланған су қоймаларының нақты көлемі жобалық-сметалық құжаттамалар дайын болған соң белгілі болады.