
«Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек», – Қ.К. Тоқаев, IV Ұлттық құрылтай, 14 наурыз 2025 жыл, Бурабай.
2024–2025 жылғы жылумен жабдықтау бойынша күзгі-қысқы маусым күрделі ақауларсыз өтті, бұл Қазақстан Үкіметінің қабылдаған шараларының нәтижелі болғанын көрсетеді.
Маусымға дайындық 10 энергетикалық блоктың, 55 қазандықтың және 45 турбинаның күрделі жөндеуін қамтып, ЖЭО және жылу желілеріндегі жоғары тозуды азайту процесін бастауға мүмкіндік берді. Электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 27%-ға (1 070-тен 782 жағдайға) азайса, ал температуралық графиктің сақтамау жағдайлары 3,3 есеге (215-тен 65 жағдайға) қысқарды.
Маңызды жетістік ретінде 12 ЖЭО жағдайының жақсаруын атап өтуге болады: 9-ы “қызыл” аймақтан “сары” аймаққа, ал 3-і “сары” аймақтан “жасыл” аймаққа өтті. Нәтижесінде “қызыл” аймақта 10 ЖЭО қалды (бұрын 19), “сары” аймаққа 17 ЖЭО (бұрын 11), “жасыл” аймаққа 10 ЖЭО (бұрын 7) өтті.